«ANTIKOR.LIVE» : қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастырудағы руханилық және адамгершілік

451
көрілім

«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің «Антикор орталығында» облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы, ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Ермек Мұқатай тікелей эфир өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастырудағы руханилық және адамгершілік» тақырыбымен өткен тікелей эфир барысында Ермек Тасболатұлы сыбайлас жемқорлықтың рухани-адамгершілік салдарын түсіндірді. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен дайындалған «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасын, оның негіздері: имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік туралы түсінік берді.

- Сыбайлас жемқорлықты жою үшін қоғамда адамгерлішілік қасиеттерді, оның ішінде парасаттылық, адалдық, әділдікті қалыптастыру қажет, - деді бас имам.

Қорытындылай келе, Ермек Тасболатұлы ислам дініне сәйкес, сыбайлас жемқорлық, пара беру де, алу да, арасында делдал болу да үлкен күнә болып табылатындығын атай келе, адал еңбек етіп, еліміздің нағыз патриоты болуға шақырды.

Сондай-ақ Ермек Мұқатай ақпараттық-ағартушылық штабының белсенді мүшесі ретінде өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық құндылықтарын насихаттауға қосқан ерекше үлесі үшін ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының алғыс хатымен марапатталды.