Атырауда «Таблиғи жамағат» ұйымының мүшесі болған шығысқазақстандыққа қатысты сот ісі жүріп жатыр

652
көрілім

Бүгін Атырау қаласының №2 сотында Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымының 6 мүшесіне қатысты сот басталды. Тыйым салынған ұйымның қатарында шығысқазақстандық тұрғын да бар, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау облыстық сотының ақпаратына сай, Қазақстанның әр облысынан жиналған алты азаматқа ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабы 1 және 2-бөлігі бойынша айып тағылған.

Тергеу органдарымен Алматы, Атырау және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына қылмыстық айып тағылды. Айыпталушылар ұйымды дамыту мен оның қатарындағы адамдарды көбейту бағытында жұмыс жүргізген, – деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың күзінде Өскемен қаласының №2 сотында дәл осы ұйымның 9 мүшесіне қатысты сот процесі аяқталған болатын. Сот шешімі бойынша, экстремистік деп танылған ұйымның Өскемендегі ұйымдастырушысы екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған.