Аягөздіктер облыстық көрме фестивалінде жүлдегер атанды

397
көрілім

Облыстық «Дала Дидары» атты көрме-фестиваліне қатысқан 16 аудан ішінен Аягөз ауданы II-орын алып, «Үздік аудан» атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс әкімінің қолдауымен сәуір айында басталған еді бұл шара. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы дала жеті қыры» атты мақаласының тұжырымдардын жүзеге асыру мақсатында өткізілген «Дала дидары» атты бейнелеу өнері түрлері мен суретшілердің облыстық көрме-фестивалі желтоқсан айының 23-і күні өз мәресіне жетті.

Облыстағы 16 ауданның басын қосқан «Дала дидары» жобасына 340 автордың 4218 жұмысы қатысты. Осы жұмыстардың ішінде 92 автордың 129 туындысы іріктеліп, «Дала дидары» жобасының ережесіне сәйкес «Кескіндеме», «Графика», «Мүсін», «Сәндік-қолтанбалы қолөнер» аталымдарының жеңімпаздары анықталды.

Аягөз ауданы Шығыс Қазақстан Өнер музейінде 28 шілде күнінен бастап «Дала дидары» өнер фестивалінің жетінші қатысушысы болып, өз көрмесін бір ай бойы көрермендерге паш етті.

Көрмеге ауданның түкпір-түкпірінен жиналған 69 автордың 108 жұмысы қойылды. Олар-кескіндеме, натюрморт, портреттер мен матадан, жүннен, киізден, ағаштан, теріден, сүйектен жасалған қолтаңбалы қолөнер шеберлерінің ұлттық аспаптары мен бұйымдарынан құралды.

Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейінде өткен облыстық көрме – фестивалінің қорытындысы бойынша:

«Мүсін» аталымы бойынша:

1 орын – Оралбаев Бауыржан (Аягөз қаласы)

«Кескендеме» аталымы бойынша:

3 орын –Жуматаев Аманжол (Аягөз ауданы Тарлаулы ауылы)

Көрмені өткізу мен ұйымдастырылуы бойынша Аягөз ауданы «Үздік аудан» атанып, II- орын иеленді.

Жүлдегерлер Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының дипломдары мен қаржылай сыйлыққа ие болды. Бұдан бөлек, көрмедегі концерттер ішінен «Ең үздік жеке номер» номинациясымен аудандық мәдениет үйінің әртісі Серік Жұмабеков марапатталды.

Сонымен қатар ынталандыру сыйлық пен дипломдарға Тоқтағали Тамаша (Аягөз ауданы, Қарағаш ауылы), Тұрлыбеков Әділбек (Аягөз ауданы,Тарбағатай ауылы) ие болды.