Азамат Дәулетбеков Әлем чемпионатының қола жүлдегері!

494
көрілім
Фотосурет Meta-ratings.kz сайтынан

Сербияның астанасы Белград қаласында жалауын көтерген аламан жерлесіміз үшін сәтті өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еркін күрес шеберлері бозкілемде жан берісіп, жан алысқан белдесулер өткізіп, жанкүйерлер айызын қандырды. Бірқатар Олимпиада және Әлем чемпиондары ұтылып, кейбірі сенсация тіркеді. Кеше Ұлттық құрама мүшелерінен 61 келіде Өсімжан Дастанбек, 70 келіде Санжар Досжанов, 86 келіде Азамат Дәулетбеков және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Юсуп Батырмұрзаев күресті. Алайда алғашқы жарыс күні бұйырғаны бір медаль.
Семейлік Азамат Дәулетбеков осыған дейін Әлем кубогі мен чемпионатында үшінші орын иеленіп, тұрақты нәтиже көрсетіп жүрді. Бұл жолы көпшілік ирандық Хасан Яздани мен АҚШ-тың үміті Дэвид Тэйлорға тап болмаса, біразын қапы қалдырады деп топшылады. Дегенмен Дәулетбеков Дэвидпен жартылай финалда жолығып, есе жіберді. Айта кетерлігі, бұл лицензиялық Әлем чемпионаты. Жүлдегер атанғандары 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алады. Ал үшінші орынға таласып, жеңіліс тапқандары тағы бір белдесу өткізеді. Соны жеңсе, Парижге жол ашылады.
Қола медаль үшін болған белдесуде Махачкаланың тумасы, бүгінде Бахрейннің намысын қорғап жүрген Магомед Шарипов қарсы тұрды. Дағыстандық спортшыдан қауіп күтілді. Күресіп жатқан екеу бір-бірін алғашқы қателікке дейін аңдыды. Сондай қарбаластың бірінде Шарипов 3:2 есебімен алға шығып, соңғы секундтарға дейін басымдығын жоғалтпады. Десе де белдесудің тәмамдалуына 3 секунд қалғанда жерлесіміз аяқтан ілу әдісін жасап, екі ұпай еншілеп кетті. Жеңісті жұлып алған Азамат Белградта екінші медальды мойынға тақты! Маңыздысы сол, жүлде алып қана қоймай Париждегі додаға лицензия иеленді.
Қызығы сол, атағы алысқа жеткен Хасан Яздани Дэвид Тэйлорға таза ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты.
86 келіге дейінгі салмақ қорытындысы:
1 орын – Дэвид Тэйлор (АҚШ)
2 орын – Хасан Яздани (Иран)
3 орын – Майлс Амин (Сан-Марино)
3 орын – Азамат Дәулетбеков (Қазақстан)

Әділхан ЕСІМХАНОВ