Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір бағасы екі есеге қымбаттады

385
көрілім
Шартты фотосурет

Өскеменде жол жөндеу, құрылыс жұмыстарына қатысты жиын өтсе болды, шенеуніктерге көпір хақысында кемі екі-үш сұрақ қойылады. Олардың да берер жауабы белгілі: «барлығы жоспарға сәйкес іске асып жатыр». Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылының маңы мен Күршімнің Құйғанын жалғайтын маңызды нысан билік тұрмақ, бұқара жұрттың бақылауында. Жуырда көпір құрылысына қатысты кезекті кедергілер талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Үш жылда тәмамдауымыз керек»

Ақпан айының басында ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов пен «ОблШығысЖол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Күршім ауданына апаратын көпір құрылысының мемлекеттік сатып алу келісімі бойынша қосымша келісімшартқа қол қойды. Соған байланысты өткелдегі құрылыс жұмысының бағасы қосымша баға салығын қоспағанда, 60 миллиард 20 миллион теңгеге өсті. Тиісті порталда жарияланған құжатта қомақты сомма кәсіпорын шотына тоғыз траншқа бөлініп аударылатынын көруге болады. Ең ірісі 40 миллиард теңге. Порталға шығарылған келісімшартта көпірді пайдалануға беру уақыты өзгертілмеген – 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс.

Айта кетерлік жайт, бастапқы шығын соммасы 30 миллиард теңгеден сәл асады деп жазылған. Дәл осынша ақша жұмсалады деп Нұржан Жұмаділов 2020 жылы айтқан болатын. Көбі оның бұлай деуін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған көпір бюджеттік қаржы есебінен салынады деп мәлімдегенімен байланыстырды. Шыны керек, ең басында сергек сана жетегімен бірнеше аудан үшін маңызы зор нысанды үш-ақ жылда салып, қолданысқа береді дегендердің басы қылтиып көрінген еді. Бірақ Өскемен көпірін қайта жөндеуге жеті жылдан астам уақыт жұмсалғанда мана айтылған мәлімдемеге шығысқазақстандықтардың біршамасы күмәнмен қарады.

– Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес үш жылда тәмамдауымыз керек. Биыл (2021 жыл) бастасақ, 2023 жылы нүктесі қойылуы қажет. Көпірдің ұзындығы 1300 метр, оң жағалауға (Күршім жақ) жеткенше 2,5 шақырым, барлығы 15 шақырым жол жөнделеді. Көпір мен жол құрылысы бір уақытта жалғасады. Әзірге біз құрылыс учаскесін дайындап, техникалар тартамыз. Ең алдымен, қауырт жұмысты бастап кету керек. Ресми мониторингке сәйкес, бір айда паром арқылы 10 мың көлік қатынайды. Көпір салынып бітсе, бұл көрсеткіш арта түседі, – деп еді Жұмаділов сол кезде.

Баяхметов байқағанды облыс басшылығы аңғармады

Осыны айтпай тұрғанда, алты жыл көлемінде инвестор іздеп, соның әлегімен біршама уақыт сарп етілді. Жобаны инвестициялық форумдарда да ұсынды, бірақ нәтиже бермеді. Кәсіпкерлер «көпір құрылысынан қандай да бір пайда көріп тұрған жоқпыз» дескен. Негізі жобаның бастапқы соммасы айтылып, қаржы бөлінгелі тұрғанда кезде де баға аса бір арзан болған жоқ. Ал қазір ол екі есеге қымбаттады. Шығынның көп бөлігі республикалық қазынаға жүктелді. Абай облысынан Сенатор болып, бұрынғы ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытжан Баяхметов осыны байқаған бойда бюджеттік өтінімге сәйкес қаржыландырудың болмағанын айтып, дабыл қақты. Ал Шығыс Қазақстанның басшылығындағылар бұл тұрғыда ешқандай қиындық байқалмайтынын, жұмыс бірқалыпты жалғасып, көпір қолданысқа уақтылы беріледі деп сендірді.

Облыс әкімшілігіндегілердің айтуларынша, бұл еліміздегі ең ұзын көпір болмақ, әрі үш бірдей ауданның экономикасын арттыруға негіз. Ал көпір құрылысының бағасы одан әрі өспейді деген кепілдікті әлі ешкім берген жоқ.