Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан техникалық көпірдің құрылысы аяқталды

2422
көрілім

Мердігерлер облыс әкімі Ермек Көшербаевқа осыны жеткізді. Нысанның ұзындығы 1153 метр, деп хабарлайды Buqara.kz. сайтының тілшісі.

Техникалық өткелде 13 жұмыс алаңы орнатылған. Мұның барлығы құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтардың уақтылы жеткізілуіне, жұмысшылардың тоқтаусыз еңбектенуіне ыңғайлы.
Айта кетейік, Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынды. Құрылыс тәмамдалған соң Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Самар аудандарын жалғайды. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың сөзінше, маңызды нысан қолданысқа берілсе, ең алдымен тұрғындар көңілі жайланады. Одан бөлек, логистика, туризм саласы алға басады.


- Бұл жыл соңындағы қуанышты жаңалық. Шағын және орта бизнестің бөгеуі ағытылып, жолдар жөнделмек, - деді Ермек Беделбайұлы. - Бұған күршімдік азаматтар да жұмылдырылған. Бастапқыда қарапайым жұмысшы болса, қазір араларында тісқаққан дәнекерлеушіден бастап әр бағытты қамтыған. Құрылыстың басталуын бір емес, бірнеше аудан жұрты күтіп еді, бүгін соның ойдағыдай жалғасып жатқанын көрді.
Қазіргі уақытта негізгі көпірдің 12 тірегі орнатылса, алтауында әлі жұмыс жалғасып жатыр.

“Курганстальмост” жабық акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалған. Соның негізінде 20 өтпелі құрылыс жеткізілмек. 2024 жылдың соңына дейін толық әкелінетін көрінеді.
Бұдан бөлек, көпірдің екі жағынан да жүруге ыңғайлы жолдарды тегістеп, қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда.
Жұмысшылар қыста аяз қысатыны болмаса, аянып қалмадық дейді.
Техникалық көпір құрылысының аяқталуын Күршім мен Самар жұрты “тарихи күн” десті.
Мердігерлер шет елден маман тартпаған, еңбектеніп жатқандар тегіс облыс пен республика аймақтарынан келген азаматтар.