Даниал Ахметов: «Алакөл демалыс аймағы халықаралық стандартқа сай абаттандырылуы тиіс»

427
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына арнайы барып қайтты. Алакөл жағалауындағы абаттандыру жұмысының барысымен танысқан аймақ басшысы облыста туризмді одан әрі жетілдіру және дамыту жөнінде кеңес өткізді. Айта кетейік, Алакөлге облыстық бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлінген. Алайда Даниал Ахметов қаржыландыру бұнымен тоқтамайтынын жеткізді. Деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі кезде Алакөл жағалауын дамытуға бағытталған бас жоспар бекітілген. Оның негізінде электрэнергиясымен қамту, су тарту және жер мәселелері шешіледі.
Аймақ басшысы жерге заңсыз иелік еткен кәсіпкерлерден оны реституция бойынша қайтаруды тапсырды. Бүгінде жағалаудағы көлеңкелі бизнеспен күрес үлкен қарқын алған

- Алакөл жағасын жақсарту жөнінде шаралар қолға алынбаған аумақтарда жерді мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынамын, - деді облыс әкімі. - Мен барлық кәсіпкерлерді өздерінің конституциялық міндеттемелерін орындауға және салықтық қарыздарын төлеуге шақырамын. Ағымдағы жылдың маусымынан бастап туристерге бақылау жүргізіледі және олардың нақты саны бекітіледі.
Қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер аймағында тамақтану орындары, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары жабдықталуда. Бұдан басқа қолжетімді таза ауыз су, дәретхана модульдері құрылуда.
Жаяу жүргіншілер аймағын аралап, жұмыс барысына бағасын берген Даниал Ахметов барлық ғимараттарды тәртіпке келтіруді, әсіресе, өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын тексеруді тапсырды. Ал уақытша ғимараттар иелерінің тиісті құжаттарының бар-жоғы қатаң бақылауда болады.

- Заман талабына сай, көңілге қонымды жоба болмайынша, ешкімге құрылысты бастауға рұқсат берілмейді. Бірде-бір шаршы метр жер тектен тек бөлінбейді. Заманауи жеке архитектуралық көрінісі бар сауықтыру орталықтарын көрсетіңіздер, енді жобалардың қабылдануын өз бақылауыма аламын. Көл жағалауына сапасы нашар және арзан материалдардан салынған үйлердің құрылысын тоқтататын уақыт келді. Барлық істе тәртіп болуы қажет, - деді облыс басшысы.
Облыс әкімінің тапсырмасымен «Алакөл» демалыс базасында туристердің қолайлығы үшін ақпараттық орталық құрылды. Онда барлық сауықтыру базалары мен судың емдік қасиеттері туралы ақпараттар жинақталған. Сондай-ақ, бағыт-бағдары көрсетілген карталар да қол жетімді.Барлық ақпараттар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде болады.

- Алакөл - xалқымыздың байлығы. Ол xалықаралық стандартқа сай болуы тиіс. Деңгейін көтеру үшін жұмыла әрекет етеміз. Бұдан былай жоғары деңгейдегі, жайлы әрі сәнді қонақ үйлер салатын кәсіпкерлерді қана тартамыз. Біздің мақсатымыз - қазақстандық туристерді ғана емес, шетелдіктерді де осы бірегей аймаққа тарту. Олар облыстың бүкіл сұлулығын және қазақ халқының қонақжайлылығын көруі керек, - деп қорытындылады Даниал Ахметов.

Айта кету керек, биылдан бастап Алакөлге (Жалаңашкөл ст.) Өскемен мен Семейден пойыз қатынайды. Билет құны 2800 теңге. Қазіргі таңда Мақаншы мен Жалаңашкөл бағытындағы жолды орта жөндеу жұмысы қызу. Сондай-ақ, Қарабұлақ пен Қабанбай ауылдары арасындағы 16 шақырым бағыт та жөнделеді.
Алакөл жағалауы мен демалыс базаларындағы жаңарту жұмысы 10 маусымға дейін аяқталып, туристерді жаңа келбетпен қарсы алуға сақадай сай болмақ.