Едіге Қайыртайұлы: Жоспарымыз - қазақтың үні шығатын премьера ұйымдастыру

275
көрілім
Фото: ашық дереккөзден

Әлем театрлары көп көрермен жинап, қойылымдары жаһанға танылып жатқан кезде өз өңіріміздегі театрдың тыныс-тіршілігі қалай? Нендей жетістіктер, қандай жаңашылдықтар бар? Соны білу үшін ШҚО Жастар театрының көркемдік жетекшісі Едіге Қайыртайұлымен жүздескен едік. Сұхбат үстінде киноиндустрия биік нәтижеге қол жеткізіп жатса да, театрдың әлемі де, жанры да, одан алатын әсер де бөлек екенін түйсіндік.

 - ШҚО Жастар театры қай жылы құрылды? Осы уақытқа дейін театр қалай өзгерді?
- Театрымыз ең алғашқы маусымын 2015 жылы қараша айында ашты. Осымен 9-шы маусымға жеткен театр өз бағытын енді анықтап келе жатыр деп ойлаймын. Айтарлықтай өзгеріске ұшырадық деп айта алмасақ та, актерлер кәсіби біліктілікті арттыруда рухани өзгерістерді басынан кешуде. Өкінішке қарай, 9 жыл ішінде актерлік құрам жиі ауысты. Театрды ашқан труппадан, қазір екі актер ғана сахна төрінде қалды. Одан кейін келген буынмен толысып, жұмыс істеп жатырмыз. Ең алғашқы труппалардың құрамы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар болды. Олардың көбісі екі-үш жылдан кейін өз жерлеріне қайтты. Театр тірі болса, актерлік штатымыз кеңейетініне сенемін.

Сахна саңлақтары шабыттанып қайтты

 - Қазір қанша актер бар? Ең жас актер қанша?
- Құрамда 17 адам бар. Ең жас актеріміз 18-де. Ең үлкен ағамыз 60 жаста. Бүгінде маман тапшылығы бар екені рас. Олардың көбі ірі қалалардың сахнасын бағындырғысы келеді. Сондықтан былтыр кастинг жариялап, Өскемендегі икемі бар, қызығушылығы жоғары, ән айта алатын, ұшқыны бар жалынды актерлерді іріктедік. Осылайша, 20-ға жуық үміткер арасынан 4 қызды труппаға қостық.

 - Театрдың жеткен жетістіктерімен бөлісе кетсеңіз...
- Ең алғаш театр ашылғанда ШҚО Мәдениет басқармасының демеушілігімен Оңтүстік Кореядағы фестивальге жолдама алғанымыз бар. Халықаралық деңгей болғандықтан, сахнадағы саңлақтарымыз тәжірибе алмасып, Қазақстанның атын шығарып, шабыттанып қайтты. Одан кейін Ақтөбеде өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы республикалық театр фестивалінен жүлделі орын бұйырды. Одан кейін Қырғызстандағы «АРТ ОРДО» деген халық фестивалінде лауреат атандық.
Талдықорғанда сахна сайысына арналған «Бесқару» деген республикалық конкурста 3 орынды Жастар труппасы иемденіп, 300 мың теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды.  Театрдың ең басты мақсаты – фестивальге қатысу, мүмкіндігінше жүлделі орын алу. Театрдың деңгейі көбінесе фестивальмен анықталады. Себебі фестивальде Қазақстанның әр жерінен келген актерлер өнер көрсетіп, бақ сынайды. Арнайы шақыртылған қазылар алқасы баға беріп, сыншылар қай деңгейде екенін анықтап, жүлделерді бөледі.  

Жүректері атша тулады

«Самғау» республикалық фестиваліне қатыстық. «Аршын мал алан» музыкалық комедиясын қойдық. 2022 жылы Көкшетауда халықаралық жарыс болды. Сахна төріне «АЛЖИР» қойылымын қойдық. Біздің өнеріміз қазылар алқасының талқысына түсті. Жақсы пікірді де естідік, сыналып та қалдық. Сынға ұшыраған актерлеріміз еш қамыққан жоқ, керісінше, жүректері атша тулап қуанып қайтты.
Театрды алға жетелейтін тағы бір тұсы – режиссердің жақсы жұмысы.  ТМД елдерін аузына қаратқан Тәжікстанның атақты режиссері Барзу Абдураззаков осы театрға келіп қойылым қойған еді. «Елестер» деген спектакль көрерменнің көңілінен шығып, қазіргі уақытқа дейін көпшіліктің назарын аударуда. Барзу Абдураззаковты 2023 жылы қайта шақыртып, желтоқсанда Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» мұңды комедиясының премьерасын өткіздік.

«Бір тиын да шашпаймыз»

Өткен сылдың соңында тағы бір жетістікке кенелдік. Облыс әкімінің «Жыл үздігі 2023» номинациясымен Жастар труппасы марапатталды. Жалпы өңір басшысы Ермек Беделбайұлы осы қызметке тағайындалған кезінен бері театрымызға бірнеше рет келіп, қойылымдарды көріп, бағасын берген. Осы «Жыл үздігі 2023» номинациясымен бірге 3,5 млн теңге ақшалай сыйлықты та табыстады.

 - Осы соңғы марапатқа қалай қол жеткіздіңіздер? Сыйақы ретінде берілген 3,5 млн теңгені қайда жұмсайсыздар?
- Бұл жеңісіміз барлық төккен терімізді, еткен еңбегімізді ақтады деп ойлаймын. Театрда 7-8 жылдың ішінде облыс әкімінің сыйлығын бірде-бір рет алмаппыз. Осынау марапатты жаңашырлық ретінде қабылдадық.

Балды бармақ режиссер керек

Режиссерге бір қойылымды ұйымдастыру үшін кем дегенде 2 млн теңгеге жуық қаражат керек. Ал егер басқа жерден режиссерді шақыртсақ, онда 5 млн теңге жұмсалады. Бізге берілген сый-құрметтің бір теңгесін шашпай, театрдың дамуына үлес қосамыз. Ел аузына іліну үшін бізге жақсы қойылым керек. Ал қойылымға балды бармақ режиссер керек. Алдағы уақытта режиссерді басқа жақтан шақыртамыз ба, әлде өз өңірімізден аламыз ба, оны көркемдік кеңеспен ақылдасып, талқыға саламыз. Актерлеріміздің жалақысы елдегі орташа жалақыдан төмен. Орташа жалақы 300 мың теңгенің шеңберінде болса, актерлердікі 200 мыңға енді жетті. Бізге берілген 3,5 млн теңгеден премия беруіміз керек. Санаулы қаражатымыз қай жыртығымызға жамау болмақ? Сондықтан театр игілігіне жұмсалатын қаражат саңылауын тапты деп ойлаймын.

Театр актерлері сахнада өмір сүреді

 - ШҚО-да кино алаңдарын ашу жоспарланып жатыр екен. Бұл театр әлемінің дамуына қандай әсер береді деп ойлайсыз?
- Театр мен кино индустриясы актерлердің ойындарынан құралады. Екеуі де әртүрлі жанр, әртүрлі әсер, әртүрлі әлем. Кино жанрында бірнеше дубль түсіріп, ең жақсысын таңдап алуға болады. Ал театрда актерлер сахнада өмір сүріп, ешқандай өзгертусіз рөлдерін сомдап шығады. Біздің актерлер киноиндустрияда бақтарын сынап, өнер көрсетсе қарсы емеспіз, керісінше, бұл тәжірибе алмасып, жаңа қырларын ашуға мүмкіндік.

 - 2024 жылға қандай жоспарларыңыз бар? Сіздерден қандай премьералар күтеміз?
- Осы жылға қойған жоспарларымыз көп. Облыс әкімінің марапатынан үздік премьера шығару ойымызда бар. 2024 жылдың аяғына дейін 3-4 премьера жасауды мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ тек қана шетелдің өнерімен шектелмей, қазақтың үні шығатын, көрерменді жігерлендіретін қойылымды сахналау жоспарлануда. «Арық айтып, семіз шық» демекші, үлкен өзгерістер жайлы алдағы уақытта сіздермен бөлісетін боламыз.

Валентина ГЕОРГИЕВНА