Экобелсенділер Тайынты топырағында қарағай екті

153
көрілім

Бүгін Ұлан ауданы аумағындағы Асубұлақ орманшылығында табиғат жанашырлары мен еріктілер тізе қосып, қарағай көшеттерін екті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында қалалықтар Тайынты ауылының маңына жол тартты. Облыстық волонтерлер фронт-кеңсесінің жетекшісі Айдос Әділбековтың сөзінше, жыл көлемінде 29 млн-ға тарта көшет отырғызылады. Мамыр айының 7-не дейін соның 20 мыңы қамтылмақ.

Блогер әрі осы шараны өткізуге ұсыныс білдірген Алексей Сибирский алдымен барлық шара қатысушысына жұмыс барысын түсіндіріп өтті. Көшетті қалай дұрыс егуді, жер аударғанда аралықта ауа қалып қалмауын баса айтты. Мәселен, таяз жерге ұзын тамырды қайырып отырғыза салса, еңбектің желге ұшқаны. Онымен қоса, көшет әу баста салынған пакеттен тек егер алдында ғана шығарылады. Әйтпесе, жел кептіріп, тамыр құрамы әлсірейтін көрінеді. Анығы сол, апталыққа қатысушылар жан-жақтан келген.

- Бұған Өскемен, Риддер қалаларынан, Ұлан және Алтай аудандарынан келген табиғат жанашырлары мен еріктілер қатысуда. Шамамен 200-дей адам еңбектеніп жатыр, - деді ол.

ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың сөзінше, биыл облыс көлемінде 5650 гектар алқапқа ағаш егілмек. Ғылыми ұсыныстарға сәйкес, әр жылы әр орманшылықта көшет егу жалғаспақ.

- Алдымен тұқымбақтарда тамыр жаяды. Сосын осындай кең учаскелерге шығарамыз. Көктемгі уақытта 2000 га, қалған 3600 га күз айларында егіледі, - деді Арман Нағашбайұлы.

Экобелсенді Алексей Сибирскийдің сөзінше, экожүйені реттеу қадамдарын Қазақстанда да жасауды жөн көрді. Алапат орман өрті болған Абай облысына баруды да жоспарлапты. Дегенмен Шығыс Қазақстанға да атбасын бұруды жөн көрді.

- Бүгін егілгені қарағай көшеттері. Оның күтімін жергілікті орманшылық шаруашылығы қызметкерлері жауапкершіліктеріне алады. Бір есептен осындай топырақта өсуге бейім. Алдағы уақытта мұның ауқымы кеңейеді. Себебі, осы жылғысы тек кіріспесі, байланыс орнататын адамдарды көп танымадым. Әкімдік арқылы ұйымдастыруды жөн көрдік. Енді егілетін көшет саны екі есеге ұлғаяды, - деді экобелсенді.