Елде ет пен нан қымбаттауы мүмкін

442
көрілім

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елімізде алдағы уақытта ет пен нанның қымбаттауына не себеп болатынын айтып өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

- Қарашада жылдық инфляция біздің күткенімізден төмен қалыптасып, 5,4 пайыздық көрсеткіште болды. Мұндағы өсімді азық-түлік тауарлары қосып отыр. Олар бір жылда 9,7 пайызға қымбаттады. Нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының 15,5 пайызға, ет және ет өнімдерінің 13,4 пайызға, балық пен теңіз өнімдерінің 12,2 пайызға өсуі ерекше байқалады, - деді Досаев бүгінгі Үкімет отырысында.

ҰБ төрағасының айтуынша, халық кірісінің ұлғаюы аясында ішкі сұраныстағы өсім мен фискалдық ынталандырудың сақталуы – инфляция өсімінің негізгі тәуекелдері болып отыр.

- Қысқа мерзімді кезеңде азық-түліктің кейбір түрлері, атап айтқанда, дәнді-дақылдардың, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде жаңа талаптардың енгізілуі аясында сүт өнімінің қымбаттауына байланысты ет пен нан қымбаттауы мүмкін, - деді ол.