Әлеуметтік жағдайы жақсарған Абай ауданы

306
көрілім

Тәуелсіздік жылдары аудан халқының тұрмыс деңгейі барынша жақсарып, әлеуметтік салада, әсіресе білім, денсаулық, мәдениет, спорт және жұмыспен қамту салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
Бүгінде аудан бойынша 11 орта мектеп, 1 негізгі орта мектеп жұмыс жасап, 2494 оқушы білім алса, оларға 446 мұғалім білім мен тәрбие беруде. Сондай-ақ, ауданда 13 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, оның ішінде 5 бала-бақша, 8 шағын орталық жұмыс жасайды. Тәуелсіздік жылдары ел болашағы балалар үшін Қарауылда жаңа 250 орындық бала-бақша салынса, Саржал ауылында мемлекеттік және жеке меншік әріптестік аясында балабақша пайдалануға берілді. Осы мерзімде Орда ауылында орталау мектеп, ал Саржал, Қарауылда Назарбаев зияткерлік үлгісіндегі жаңа мектептердің салынуы жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Аудандағы мектептерге, ауылдардағы интернат, балабақша мекемелеріне жылма-жыл облыс, аудан бюджет есебінен қаржы бөлініп күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарын жоспарлы жүргізіліп келеді. Ауданда денсаулық саласының жұмысы да дұрыс жолға қойылып, емдеу шарасы, аурудың алдын алу жұмыстары жақсарып, медицина мекемелерінің материалдық техникалық базалары жақсара түскен.


“Тәуелсіздік жылдары меценат Ш.Құтжановтың демеушілігімен «Шыңғыстау» спорт кешені бой көтерсе, облыс бюджетінен жаңа жабық спорт залы салынып, облыс әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен көп аудан ауылдарында жоқ жүзу бассейіні салынып, Абайлық балалардың жүзу спортымен шұғылдануына мүмкіндік жасалды”- дейді аудан әкімі Нұржан Абдыкаримов.
Абай елінде Президент Қ.Тоқаевтың баста- масымен, облыс әкімі Д.Ахметовтың тікелей қолдауымен келешек ұрпаққа мұра боп қалардай қаншама тарихи нысандар бой көтерді. Абай туған Сырт Қасқабұлақ аумағы жаңа кейіпке еңсе, Ақшоқыда Құнанбай қорымы абаттандырылып, аға сұлтан құрметіне жаңа музей ашылды. М.Әуезовтің Бөрілідегі музейі мен Жидебайдағы Абай –Шәкәрім мемориалдық кешені жаңа заман талабы тұрғысынан, жаңғыртылып жаңарып, жаңа мазмұнмен жарқырай түсті. Аудан орталығы Қарауылда абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру бағытында жұмыстар жасалып, 300 орындық Назарбаев зияткерлік үлгісіндегі жаңа мектеп пен 15 га жерді алып жатқан «Абай» саябағы бой көтерді.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында жұмыссыздықты жою мақсатында шаралар орындалып отыр.
Мәселен, 2020 жылы 108 жаңа жұмыс орны ашылған. Тек осы жылы ғана 688 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.
Аудан әкімінің айтуынша, жалпы аудан бойынша тек бір жыл ішінде 4265 адамға, 193 млн 293 мың 500 теңге жәрдем ақысы төленді.