Ел-жұрт гуманитарлық көмек жинап жатқанда мемлекеттік-материалдық қордан ұн мен бұқтырылған ет сатылып жатыр

83
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек беру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының штабы құрылды. Облыстық Достық үйі мен аймақтық еріктілер фронт-кеңсесінде гуманитарлық көмек көрсету пунктері ашылды. Акцияға жастар, еріктілер, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары мен басқа да қала тұрғындары белсене қатысуда. Осындай игі шаралар қолға алынып жатқанда пәледен пайда табуға оқталғандар ұшырасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Су тасқыны және сауда

Бірақ біздің облыста емес. Бұл туралы сәл кейінірек жазып кетеміз. Қарамен жазылған сөйлемді жалғап кетейік. Сәуір айының 11-күнгі мәліметке сүйенсек, бір апта ішінде 20 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен керек заттар жиналды. Ұн мен консерві өнімдері бар. Гуманитарлық көмек сәуір айының 10-ы күні Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді. С.Аманжолов атындағы ШҚУ қызметкерлері (1000-ға тарта адам) тасқыннан титықтаған тұрғындарға деп тиісті қорға бір күндік жалақыларын аударды. Мұндай акциялар бізде ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасуда. Гуманитарлық жүк тиелген бірнеше көлік Қырғызстаннан Қазақстанға қарай жолға шықты.

Дегенмен, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өндірісі министрлігінің мемлекеттік материалдық резерв бойынша «Резерв» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалы өзінде артылған қорды сатқалы отыр. Қызығы сол, еліміздің көп аймағы қиындық қамытын киіп отырғанда мемлекеттік материалдық резерві үшін сақталған заттарды сатып жатқан да солар. Су басу қаупі көп адамның тағдыр таяғына таянуына себеп болып, ауылдарда тұрғындарды эвакуациялап жатқанда ақылға сыймас ақпараттар шығып жатыр.

Айталық, Абай облысына қарасты Семей қаласындағы «Балқаш» филиалы 250 тонна ұн өндіреді. «Бірінші сорт» деп аталатын наубайханада 2023 жылдың қыркүйегінде дайындалған ұнның сақталу уақыты 2024 жылдың қыркүйек айында бітеді. Ол 39 миллион теңге деп бағаланды.

Ет – 52 млн теңге

Қарағанды облысына қарасты Абай ауданында болған жағдай бұл. Южный кентінде тіркелген «Высота» филиалы «Карат» деп аталатын бұқтырылған сиыр етін электронды аукционда 52 млн 682 мың теңгеге сатуға оқталып отыр.

– Салмағы 325 грамм. 5284-84 мемлекеттік стандартына сәйкес, «Бұқтырылған сиыр еті» ет консервісі. Өндірілген күні: 05.2022. Жарамдылық мерзімі шығарылған күннен бастап 36 айға дейін жарамды, – делінген мемлекеттік электронды аукцион порталының сипаттамасында.

Бірақ мекеменің ресми дереккөзінде бұл туралы бір сөйлем де жазылмапты. Әйтсе де басқа мәліметтер бар. Айталық, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою бойынша шара қолдану үшін мемлекеттік материалдық резервтен көліктер бөлініпті. Нақты айтсақ, 51 арнайы және автомобильді техника, 15400 адамға арналған төсек жабдықтары және 4000 адамға арналған палатка.

– Материалдық заттар «Резерв» мемлекеттік материалдық резерв бойынша комитеттің филиалынан бөлініп, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы әкімдік пен төтенше жағдайлар департаментіне жіберілді, – делінген мәліметте.

Еліміз бойынша мемлекеттік материалдық резервтің 10 филиалы бар. Атап айтсақ: «Автоматика», «Балқаш», «Бүркіт», «Высота», «Заря», «Комета», «Орбита», «Сигнал», «Стрела» және «Целина». Төртеуі – азық-түліктік өндірістік, екеуі – көпсалалы және тағы төртеуі мұнай база бағытында.

Асыл АЙТБАЕВ (Фотосурет Ratel.kz сайтынан)