Ерлан Сағадиев балаларын ағылшын тілінде оқыту-оқытпау ата-ананың құқығында екендін мәлімдеді

572
көрілім

Жақында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев балаларын ағылшын тілінде оқыту-оқытпау ата-ананың жеке құқығында екендігін мәлімдеді. Бұл жайлы Informburo.kz сайты хабарлайды.

Осы тақырып ел аузында көптеп айтылып жүрген өзекті мәселелердің біріне айналғаны сөзсіз. Химия, биология, физика және информатика пәндерінің тек қана ағылшын тілінде берілуін біреу жақтаса, біреу даттап жатыр. Бұл ретте, туындаған келіспеушіліктерді реттейтін жаңа заң шығыпты.

Бекітілген жоспарға сәйкес, биылғы жылдың күз мезгілінен бастап жүздеген жаңа сыныптар ағылшын тіліне ауыстырылмақ. Қазіргі күні еліміздегі 120-дан астам мектепте ағылшын тілінен 2700 мұғалім білім беруде. Балаларының кейбір пәндерді тек ағылшын тілінде оқуы тек ата-ананың жазбаша рұқсатымен ғана жүргізіледі, – дейді Ерлан Сағадиев.

Ағылшын тілінің ұстаздары 9 ай көлемінде арнайы курстардан өтіп, біліктілігін арттыратын болады. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрінің айтуынша, орыс мектептеріндегі қазақ тілінің ықпалы біршама өседі екен.

Қазақ тілін оқыған орыс мектептерінің түлектері қазақша дұрыс сөйлей алмайды, сондықтан сол мектептердегі қазақ тілі пәнін жаңа коммуникативтік әдіске көшірейік деп отырмыз, – деді министр өз сөзінде.

Айта кету керек, үй тапсырмасын орындауға кететін уақыттың көптігі бойынша Қазақстан 65 елдің ішінде 4 орынға табан тірепті. Қазіргі таңда осы жайтты өзгертудің бірнеше жолдары қарастырылып жатыр. Соның бірі ретінде әр пәннен үйге берілетін тапсырмаларды біршама азайту ұсынылды. Егер осы ұсыныс бекітілетін болса, оқушылар үй жұмыстарына шамамен 1 сағат уақыттарын ғана жұмсайтын болады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ