Глубокое ауданы Жаңа Үлбі ауылындағы үйлердің аулаларын су басты

974
көрілім
Фотосурет ШҚО ІІД ресми сайтынан алынды.
ШҚО ТЖД мәліметінше, нөсер жауынның салдарынан Үлбі өзенінің суы арнасынан тасыған. Қазіргі уақытта 14 үйдің ауласын су басқан, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Ауыл тұрғындары өздігінен өзеннің арғы бетіне өте алмайды, себебі көпірге баратын жолды су басқан. Оларға Шығыс өңірлік аэромобилді жедел құтару бөлімі көмектесіп жатыр. Қазіргі уақытта 26 ересек адам және 8 бала қауіпсіз жерге көшірілді. 4 адам эвакуациядан бас тартты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Оқиға орнында ТЖ департаментінің басшысы Нұрлан Мадьяров, Глубокое ауданының әкімі және облыстық әкімдіктің өкілдері жүр. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бірнеше күн бұрын төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға өзен суының көтеріліп, су тасқыны болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Бір күннің ішінде өзен суының деңгейі 94 сантиметрге көтерілген. Құтқарушылардың айтуынша, жағдай бақылауда.

Азамат Темірбеков