Глубокое ауданының тұрғыны бақшасына кірген ауылдасының ірі қара малын атып тастады

111
көрілім
Фотосурет Sputnik.kz сайтынан

Әлеуметтік желілерде Бобровка елдімекені тұрғынының бейнежазбасы тарады. Айтуынша, ауылдасы бақшасына кірген сиырын атып тастаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған ақпарат алдымен Grazhdanskii_kontrol_ парақшасында жарияланды. Онда бейнежазба авторы Рабочая көшесінде тұратын адам малын атып, артынша алыстау жерге сүйреп апарып тастағанын айтады.
– Бұл мал ғой. Ешкім бақшасын қашалап, қоршамайды. Содан бұлар барып кірген. Ауласына мал кірсе, атып тастау керек деген заңның қай жерінде жазылды? Заң аясында бәрін анықтап, айыппұл салынсын. Бұл деген масқара. Сиырды атып, осы жаққа сүйреп әкеліп тастады. Үйден шығарылған ізі бар, сонымен келдім. Бәрі көрініп тұр. Қазір учаскелік полицейге хабарласқалы тұрмын, – деді тұрғын.
Бейнежазба авторының сөзінше, бұл – адамды басыну. Дереу шара қолданылу керек. Әр адамның бақшасын қоршап алулары тиіс екенін де айтты.
Осыған қатысты аудан әкімдігі ресми ақпарат ұсынды. Олардың мәліметінше, аталған фактіге сәйкес, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Бобровка ауылына жол тартты.
– Тиісті шаралар қолданылып, заң бұзу әрекеттеріне сәйкес құқықтық баға беріледі, – делінген мәліметте.
Бұған қатысты тұрғындар арасында түрлі пікір туындады. Бірі – «әркім өз малына ие болуы керек» десе, бірі «арыз жазсаңызшы, қаруды қайдан алды екен?» десті. Тағы бірі мұның ауылдарда үздіксіз жалғасып отыратын мәселе екенін жазды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ