Ғаламтор желісі тартылмақ

304
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында шалғайда жатқан елді мекендерді ғаламтор желісіне тарту үшін бірқатар жобалар қолға алынбақ. Егер жұмыс жоспарға сай іске асса 2018-2020 жылдар аралығында 324 ауылдың 189 мың тұрғыны ғаламтор желісін қолдануға мүмкіндік алады. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында ШҚО әкімінің орынбасары Серік Ақтанов мәлімдеді.

ШҚО-ның шалғайда жатқан ауыл-аймақтарындағы ғаламтор желісінің қолжетімділігін арттыруды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 2 бағытта жүзеге асырмақ. Оның бірі 111 елді мекенге – талшықты оптикалық байланыс желісінің құрылысын жүргізу.

– Жоспар бойынша 2018 жылы – 2 ауыл, 2019 жылы – 80, 2020 жылы – 29 ауылға аталмыш желінің құрылысы жүргізілмек, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Қасымбекұлы, – Екінші бағыт бойынша ғаламтор желісін сымсыз пайдалануға мүмкіндік беретін LDI технологиясын енгізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 324 ауылға ғаламтор желісі тартылмақ.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп, медициналық объектілер мен кітапханаларда ғаламтор желісі бар болғанымен, оның жылдамдығы көп жерде талапқа сай емес. Жалпы облыстағы 473 мектептің – 364-інде, 259 медициналық объектінің 66-сында ғана желі жылдамдығы тым баяу болса, 262 кітапхананың – 214-іне ғаламтор тартылмаған.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ