I топтағы мүгедек Жұлдыз Базилова екі жылдан бері баспана ала алмай келеді

559
көрілім

Естеріңізде болса, өткен жылдың шілдесінде «Көңілдің қоңырау үніне құлақ түрсе» деген тақырыппен мүмкіндігі шектеулі жанның баспана кезегі жылжымай, қала басшылығының қабылдауында бола алмаған Алтай ауданы Тұрғысын ауылының тұрғыны жайлы мақала жарық көрген еді. Жұлдыз Базилова бір ай бұрын газет редакциясына қайта қоңырау шалып, қазіргі пәтер кезегі қандай әрі қала әкімдігіндегілер ұсынған жаңа мәліметпен бөліскен-тұғын.

Өткен жылғы уәде

Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Оқыс қимылдаса сүйегі морт сынады. Ең қиыны, арбаға таңылған талдырмаш қыздың мүгедек арбасымен көппәтерлі тұрғын үйдің биік қабатына көтеріліп-шығуы. Қолы қарулы демеушісі болмаса осыны өздігінен жүзеге асыру тіпті мүмкін емес. Кейде қамырық мұңға батып кететіні де осындай әділетсіз шешім нәтижесінен бе дерсің? Әзірге бұрынғы мекенжайында тұрып жатыр. Ол да өзінің басыбайлы баспанасы емес, сол себепті алдағы өмірін ара-тұра қорқынышпен елестетіп, қиялмен болжай бастаған. Неге? Біріншіден, утопияға пара-пар уәденің бостан-бос үміт алауын қайта жағуы.

– Кезек бойынша пәтер алу мүмкін еместігіне көзім жетті. Өткен жылы айтып еді, «Тұрғын үйіңізді биыл алып беруге тырысамыз» деп. Содан биыл қалалық тұрғын үй қатынасы бөліміне бардым. «Кезегіңіз келгенше тұра тұратын үй тауып беруге тырысамыз, тек қаланың шет жағынан» деді олар. Солай болғанның өзінде бірінші қабаттан жоғары болатынын айтты. Менің жағдайымда қайта сол бірінші қабаттан болғаны дұрыс еді, – деді Жұлдыз Нұрланқызы.

«Жұлдыз жүгінген жоқ»

Дәл осылай деп жауап берген маман немесе жауапты тұлғаның ой-пайымы таң-тамаша етті. Мемлекеттік қызметші бола тұра алдымен «тауып береміз» деп, кейін ізім-ғайым болуы талай сауал туғызды. Алайда соның барлығын тізбектеп жататын емес. Бастысы, қала әкімдігіндегілер жалған үміт отын жағып, сырқаты онсыз да жанына батып жүрген Жұлдызға тағдырдың ой-санасын ойын алаңына айналдырғандай көрінді.

Енді ресми жауапқа ойысайық. Айтпақшы, кейіпкеріміз 2020 жылы пәтер кезегінде 2708-ші болып тұрды. Ал биыл ше? Биыл 2314-ші. Орташа есеппен жылына 300-ден жылжыса, сегіз жылдай сарыла күту қажет болады. Бұл аралықта түрлі санат бойынша әлі қаншама жан кезекке тұратындығы тағы бар. Былтыр берілген ресми жауаптағы сөйлем биылғы мәліметтен де ойып тұрып алған. Айталық «Тұрғын үй қолданыстағы кезекке сәйкес болу үшін мүмкіндік болған кезде беріледі» делінген. Жүгірген жәндікке де қиянат қылмайтын қылдырықтай қыз қала әкімдігіне бас сұққанымен олардың «өтініш түскен жоқ» деулері I топтағы мүгедек жанның ол жаққа жасаған қадамын жоққа шығарып отыр. Оны өздері ұсынған ақпарат та растапты.

– Жұлдыз Базиловадан уақытша баспана беру мәселесі бойынша өтініштер түскен жоқ. Одан бөлек, қолданыстағы тұрғын үй заңнамасында уақытша тұрғын үй беру нормасы жоқ екенін хабарлаймын, – деді қалалық тұрғын үй қатынасы бөлімінің басшысы Айбек Салбанов.

Заңнама не дейді?

Назарда ұстайтын жайт, «I және II топтағы мүгедектер» деген санат. Тұрғын үй қатынастар бөлімінің жауабы осыны қамтыған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 67-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасына, 68-бабы 2-тармақшасына және 74-бабы 1-3 тармақтарына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған, осы елдімекенде тұрақты тұратын және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын ҚР азаматтарының, оның ішінде орташа айлық табысы отбасының әр мүшесіне күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен, I, II топтағы мүгедектердің пайдалануына беріледі» делінген ұзын-сонар жауапта.

Кейіпкеріміздің баспана кезегіне 2018 жылы тұрып, I топ мүгедегі екендігін ескерсек, пәтерлі болуына мүмкіндігі анық байқалды.

Сонда кедергі болып тұрған не? Бәлкім, қалалықтан бөлек, облыстық тұрғын үй қатынастар бөліміне де жүгіну қажет шығар? Тұщымды жауап та сол жерден берілуі кәдік. Қол-аяғы икемге келіп тұрса ол жерге де барар еді, қазіргі жағдайы аяғына шылбырау болып оралып, тек ертеңіне үмітпен қарай беруге шақырып тұр.

Айбек Салбановтың айтуынша, ҰОС ардагері, жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен бұрын наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, көпбалалы ана мен отбасыларды қоспағанда, жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға ешкімнің де басым құқығы болмайды. Жұлдыз аталған санаттардың ешбіріне жатпайды. Демек құқығы жоқ. Ал осыған дейін барғанында «қала шетінен уақытша баспана тауып беруге тырысамыз» деп уәде алауын жаққан кімдер? Осы жерде бір-біріне кереғар сөйлемдерді байқауға болады. Атқамінерлер міз бақпай күткендерімен арбаға таңылған нәзік жандының жаны уақыт өткен сайын қысыла түскен. Ресми жауап берерде, шенеуніктердің өзара ақылдасып алғандары жөн сияқты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ