Қала күні қалай өтпек?

326
көрілім

Жыл сайын Өскеменде Қала күнін тойлау дәстүрге айналған. Биыл Қала күні 8 қыркүйекке келіп отыр. Осы ретте оқырман қауымды мерекелік шаралардың жоспарымен таныстыра кетуді жөн көрдік.

Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, мерекелік шаралар 7 қыркүйек күні басталмақ. Бұл күні сағат 10.00-де – велоспорттан Өскемен қалалық ашық чемпионаты. Жарысқа қатысушылардың дені 15-17 жас аралығындағы мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, Өскемен және Семей қалаларында олимпиадалық резерв мектептерінде өнер көрсетіп жүрген спортшылар. Дүбірлі дода «Өскемен-Алматы» тасжолында (Телевышка) өткізіледі. Шаралар легі Орталық мәдениет үйінде жалғаспақ. Сағат 10.00-де – ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өткізіледі.

Сағат 17.00 облыстық Драма театрында IV-ші «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі өтеді. Дәстүрге айналған бұл фестиваль бүгінгі таңда ауқымын кеңейтті. Бұл жолы облыс орталығына: Қазақстан, Италия, Ресей, Испания, Сербия, Перу мемлекеттері опера музыкасының хас шеберлері келіп өнер көрсетпек.

8 қыркүйекте «Сулпак» СҮ маңында сағат 9.00-де өтетін «Күзгі тартулар» ауылшаруашылық жәрмеңкесінде шаруа қожалықтары қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін арзан бағада ұсынатын болады. Сағат 11.00-де келушілер Риддер, Глубокое, Ұлан аудандары және Ресей Федерациясынан келетін Вера Сапутина, Игор Бекетов, аккордеонистер дуэті «Твинс», «Сударушки» би ансамблі, скрипкашыАнна Смирнова, «Ягодының» өнер ұжымдары сібір дуэті сынды шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Өркендеп, өрлей бер, Өскемен!» атты мерекелік бағдарламаны тамашалайды.

Сағат 19.00-де Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Дастан Оразбеков, Әли Оқапов, Зируза, Райм&Артурдың қатысуымен кешкі концерттік бағдарлама өткізіледі. Сағат 21.00-де — мерекелік отшашу.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ