Қанат Ислам 24-ші кездесуінде мексикалықты ұпай санымен жеңді

665
көрілім

Қазақ боксшысы Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалесті 12 раундтық кездесуде ұпай санымен жеңді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Жекпе-жекті тікелей эфирден «Қазақстан» және КazSport арналары көрсетті.

Алғашқы раунд екі қарсыластың бір-бірін барлауымен басталды. 35 жастағы мексикалықтың да қимылы осал болған жоқ. Қос боксшы орта және жақын қашықтықта үшінші раундқа дейін тең көрінгенімен, бұдан кейін Норберто Гонсалес сыр бере бастады. Тіпті Қанаттың төртінші раундтағы сериялық соққылары мексикалықты есеңгіретіп жіберді. Бесінші раундта мексикалық қабағынан жарақат алғанымен, кездесу тоқтап қалған жоқ.

Бұдан кейінгі раундтарда Қанаттың дөп соққылары діттеген жерге дарыса да, қарсыласы шыдап бақты. Кездесудің соңғы раундтарында мексикалық түлкібұлаңға басты. Норбертоның орынсыз клинчі мен негізсіз шағымынан кездесудің көркі қаша бастаған еді. 12 раундқа дейінгі шайқас ақыры Қанат Исламның жеңісімен аяқталды.

Айта кетерлігі, жекпе-жек АҚШ-тың Флорида штатындағы Boca raton resort & club ғимаратында өткізілді. Қазақ боксшысы 24-ші жеңісіне қол жеткізіп отыр (оның ішінде 19 кездесуді уақытынан бұрын аяқтаған).

Осы кездесудің алдында боксшы Жаңқош Тұраров тағы бір мексикалықты техникалық нокаутпен жеңген болатын.