Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

826
көрілім

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өмірдің барлық салаларына тоқталып, алдағы жылдарға ғана емес, шұғыл шешілуі тиіс мақсат-міндеттерді айқындады. Осы ретте Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов ойын ортаға салды.

- Білім саласын жақсарту мен ғылымға қолдау көрсету туралы берілген міндеттемелер көңіл қуантады. Президент жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін әзірлеуді тапсырды. Алдағы уақытта министрлік ғылыми мекемелерді іріктеу әрі қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлейтін болады.

Бүгінгі таңда бүкіл әлем цифрландыру жүйесін кеңінен қолға алып, дамыту үстінде. Мемлекет басшысы саланы жетілдіретін мамандарды даярлау қажет екендігін баса айтты. Осыған орай, 100 мың «IT» маманын дайындау қолға алынбақ. Бұл үшін ЖОО-да оқу бағдарламаларын жаңартып, заманға сай әзірлеу қажет болып отыр.

Геология, экология, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға маңызды міндеттемелер жүктелді. Біздің университетіміз бұл салаға қажетті мамандарды даярлайтын білім ордаларының бірі болғандықтан, алдағы уақытта жаңаша серпіліспен оқыту процессі ұйымдастырылады.

Тағы бір қуантарлық жағдай: халыққа әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып, былтыр мемлекеттік бюджет қорынан мемлекет қызметшілері, білім, медицина саласында қызмет ететін мамандардың жалақылары көтерілген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес биыл мәдениет және әлеуметтік саладағы қызметшілердің жалақысы өседі. Бұған қоса, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 000 теңгеге дейін көтерілді, - деді университет басшысы.