Қазақстанда биыл 100-ден аса бала суға кетіп көз жұмған

498
көрілім

Өткен аптада құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер 786 патрульдік шолу мен рейдтерді өткізген. Осының нәтижесінде 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, демалушыларға 25 мың көрнекті үгіт материалдары таратылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Сонымен қатар, су айдындарында 72 ескерту және тыйым салу белгілері қойылып, 26 көрнекті стенд орнатылды. Құтқарушылар жыл басынан бері 7 мың адамға жүзуді үйретті.

— Бірлесе атқарылған жұмыстарға қарамастан су айдындарында балалардың қатысумен болатын қайғылы жағдайлар тіркеліп жатыр. Суға түсу маусымы басталғалы бері, яғни 2017 жылдың 1 маусымынан бастап 227 адам суға батып кетті. Оның 79-ы балалар. 395 адам құтқарылды, олардың 71-і балалар. Жыл басынан су айдындарына 280 адам тұншығып мерт болды. Олардың 103-і балалар. Су айдындарындағы қайғылы жайларға ең алдымен жарақтандырылмаған орындарда суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру, суға түсе алмау және өз күшін бағаламау, мас күйде суға түсу себеп болып отыр, — дейді құтқарушылар.

Құтқарушылар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Су айдындары немесе демалуға арналған жағаларда: наркотикалық немесе алкогольдік масаң күйде суға түсуге, қайықтан, катерден т.с.с. жарақтардан суға секіруге, тексерілмеген және жарақтандырылмаған жерде суға сүңгуге тыйым салынады.

Сонымен қатар, белгіленген аумақтан асып жүзуге де шектеу қойылады. Жүзуге арналмаған жабдықтармен жүзуге, қайықтарға жақындауға тырысуға, су айдындарын бітеуге, су жағасында демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды тастап кетуге, жалған дабыл беруге болмайды.

Сондай-ақ, балаларды ересектерсіз су айдындарына жібермеуге кеңес беріледі.