«Казцинктегі» өрттен кейін ауада 4 зиянды заттектің мөлшерден асқаны анықталды – Табиғат қорғау прокуратурасы

789
көрілім

Өскемен қаласының «Казцинк» кәсіпорнында тіркелген өрт жағдайына байланысты тексеру жұмыстарын жүргізген мамандар өрт салдарынан ауаға тараған 4 түрлі зиянды заттектің қысқа мерзімді мөлшерден асқанын анықтаған. Десе де, экологтар қала тұрғындарының денсаулығына зиян болардай қауіптің жоқтығын алға тартады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мыс қорыту цехінің аумағында №2 түтін сорғыш түтік құбыр сүзгішінің автоматты түрде тоқтауы тіркеліп, 40 шаршы метр алаңды өрт шарпыған. Өрт түн жарымында сөндірілген.

Табиғат қорғау прокуратурасының тапсырмасы бойынша «Казгидромет» РМК мамандары мен «Казцинк» ЖШС және «УМЗ» АҚ-ның өнеркәсіптік алаңша аумақтарынан атмосфералық ауаның сынақтарын алған. Осының нәтижесінде, келесі заттектер бойынша санитарлық нормалардың қысқа мерзімді мөлшерден асқаны анықталды: азот диоксиді — 5,8 есе, бензол-5,8 есе, бензин – 4,2 есе, бутилоцитат – 6 есе, толуол 3,7 есе (Астафьев және Куйбышев көшелерінде).

Қалған заттектердің мөлшерден тыс шығуы байқалмаған. «Казцинк» ЖШС-нің мәліметтері бойынша технологиялық жабдықтар қалыпты түрде жұмыс істеуде. Қазіргі кезде осы оқиғаның себептерін экологтар мен уәкілетті органдар анықтауда.