Кінә артып, кейін кешірім сұрайтындар көбейіп барады

366
көрілім

Өзін Анар Ибраимовамын деп таныстырған қазақстандық тұрғын YouTube желісінде билікті, мемлекет басшысын және қалалар мен аудандардың әкімдерін сынға алғаны жөнінде бейнежазба жариялаған. Аудандар дегенде Көкпекті аудандық ауруханасын мысал етіп, қажет дәрі-дәрмектер мен тиісті ем-дом ала алмай жатқан әпкесін, медициналық жабдықтардың жетіспей жатқандығын жеткізді.

Сондай ақпараттан желі қолданушылары арасында желдей есіп жатқанда Анар Ибраимованың әпкесі Жанна Ибраимова бұл айтылғандарды жоққа шығарды.

Көкпекті аудандық аурухананың Бас дәрігері Әсем Рахимбаева да бейнежазбада айтылған мәліметтерлің қисынсыз екендігін растады. Оның айтуынша, медициналық мекеме тиісті құралдармен, дәрі-дәрмектермен, сонымен қатар дәрігерлердің жеке қорғаныш заттарымен толықтай қамтамасыз етілгендіктерін мәлімдеді. Оған қоса, аурухана 60 төсек-орынға арналған 5 ИВЛ құрылғысының бары да белгілі болды.

Осыған қарап-ақ әлеуметтік желінің қазіргі уақытта ой-пікір айтып, ақпарат алмасу емес, әркімнің жеке бас мәселесі мен алып-қашпа әңгімелер айтатын алаңына айнала бастағанын аңғарамыз.

«Флэш» газетінің редакторы Денис Данилевскийдің айтуынша, әлеуметтік желі – күшті құрал және оны журналистикамен тең санап, жалған ақпар бергендерді жауапқа тарту керек. Әйтпесе кейін аңдамай сөйлегендердің көпшілік алдында кешірім сұрап жатқан жайттары аз емес. Қазақтың төл аспабы домбыраны сындырып тастаған мас жігіт есер қылығынан соң жұрт алдында кешірім өтінген болатын. Төтенше жағдай мен карантин кезінде расталмаған ақпарат таратып, жалпақ жұрттан кешірім сұрағаны тағы бар.

Құқық қорғаушы Алексей Божконың пайымынша, қазір біреуге жала жапқандарға 180 АЕК айыппұл салу немесе 20 тәулікке қамау жазасы қолданылмақ. Ал жалған ақпарат таратқандарға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Осы ретте журналистер мен құқық қорғаушылар әлеуметтік желілерде таралған күмәнді ақпараттарға сене бермеуге шақырады.