Қызметінен кетеді

365
көрілім

Өскемен қаласына жақын арада жаңа басшы тағайындалады. Бұл жөнінде 13 тамыз күні өткен облыстық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды газет тілшісі YK-news.kz сайтына сүйене отырып.

– Биылғы жылдың сәуір айында Риддер қаласында шенеуніктердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы осы уақытқа дейін қоғамда өткір талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғаны белгілі. Жантүршігерлік оқиғаға кінәлі Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев тиісті жазасын алды. Сондай-ақ Риддер қалалық ішкі істер басқармасының бірқатар басшылық қызметтегі және қатардағы полицейлері де қызметтерімен қош айтысты. Оқиғаға қатысы бар шенеуніктердің ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Сондықтан осының бәрін таразылай келе мен Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа осындай жағдайдан кейін жоғары басшылық қызметте қала алмайтындығын, оған моральдық құқығы жоқтығын, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керектігін айттым. Сондықтан алдағы уақытта облыс орталығы – Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалатын болады, – деді Даниал Ахметов кеңес барысында.

Естеріңізде болса, 15 сәуір күні Риддер қаласында жоғары лауазымды шенеуніктердің қатысуымен жол апаты орын алып, нәтижесінде 19 жасар қала тұрғыны Евгений Смольников көз жұмған еді. Бозбаланы көлікпен қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманғалиевтің қасында Қуат Тұмабаев отырған болатын. Бұл оқиғадан соң куәгер болғанына қарамастан Қуат Тұмабаевтың абыройы ел алдында айрандай төгілгені рас.

Ерлен ОСМАНОВ