Лондон Олимпиадасында Ақжүрек Таңатаровтың құлағын тістеген үндіс палуаны адам өліміне қатысы бар деген күдікке ілінді

619
көрілім

Тұманды альбионда жартылай финалда спортшыға тән қылық көрсетпей, қазақстандық палуанның құлағын тістеп алған үндістандық Сушил Кумар қазір қашып жүрген көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі еліміздегі күрес парақшаларының біріне сілтеме жасап.

Wrestling_team.kazakhstan дерегінше, 66 келіге дейінгі салмақтағы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері цехта бірге істейтін әріптесі Сагар Данканды өлтірді деп күдіктенуде. Түрлі мәліметтер екеуара кикілжің мамыр айының басында болғандығына саяды. Сагар Данкан да күрестен қаражаяу емес болған көрінеді. Дау-дамай соңы төбелеске ұласып, ақыр соңында тапаншадан оқ атуға дейін жеткен.

– Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында бес көлік болса, кісі өлтіру мақсатында қолданылды деген тапанша солардың бірінен табылған. Белгілі болғандай, қазір Сушил Кумар тәртіп сақшыларынан қашып жүр. Болған жайтты спортшының жеке бапкері ретінде сегіз ай жемісті еңбек еткен ресейлік еркін күрес шебері Камал Маликов та растады, - делінген мәліметте.

Сушил Кумар Олимпиада ойындарында екі мәрте жүлдегер болып, Әлем, Азия чемпионы атанған. Қазақстандық күрес жанкүйерлері үндіс палуанын 2012 жылы Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарының жартылай финалында Жамбыл өңірінің тумасы, Лондондағы төртжылдықтың басты бәсекесінде қола медаль иеленген Ақжүрек Таңатаровтың оң құлағынан тістеп, белдесуді өз пайдасына шешкен сәтімен есте қалды.