Мың түрлі құбылтып…

364
көрілім

Семейде әккі алаяқ сан түрлі әдіспен қала тұрғындарын ағаш аттың басына мінгізген. Біресе жиһаз өндіретін цех басшысына, кейде автокөліктердің қыстық шинасын саудалайтын кәсіпкерге айналып отырған ер адам осындай жолмен ақша табады. Ойларына еш секем алмай алаяқтың қазған орына түскен семейліктер аз емес көрінеді. Оқиғаның жай-жапсары Семей қалалық №2 сотының қылмыстық іс-материалдарынан белгілі болды.

Жұмыссыз жүрген Еркінбек Бекзатов (аты-жөні өзгертілген) ақша табудың жаңа бір амалын ойлап тапқан. Бұрын сотты болмаған 30 жастағы еркек өзінің алғашқы алаяқтығын 2017 жылдың маусым айында іске асырады. Семей қаласының тұрғынын әңгімеге тартқан Еркінбек «жиһаз жасайтын цехым бар. Қаласаңыз сізге арзан бағада жасап бере аламын» дегенді айтады. Бұған сенген азаматша оның қолына 180 мың теңгені ұстата салған. Алайда әйел адам, берген ақшасын да, таңдаған жиһазын да сол күйі көрмей кетті.

Айласын асырған алаяқ ешқандай жауапкершілікке тартылмағандықтан, өзінің қылмыстық әрекетін жалғастыра береді. Бірақ ол бұл жолы цех басшысына емес, автокөліктің қыстық шинасын саудалайтын кәсіпкерге айналған. Сөйтіп, қыркүйек айында таксиге мінген Еркінбек Бекзатов ұялы телефонмен сөйлесіп отырған адамның кейпіне еніп, өтірік шина сатып жатқандай сыңай танытады. Осыны естіген көлік жүргізушісі Еркінбекке 3 дана қыстық шина сатып алғысы келетіндігін айтқан. Міне, дәл осы қулығы арқылы семейлік 155 мың теңге пайда тапқан.

Қазан айының басында әккілікке машықтанған алаяқ тағы бір адамды қармағына түсіреді. Қала тұрғынына «Жедел медициналық көмек көрсету емханасына (БСМП) жүргізуші ретінде орналасуға көмектесемін» деп уәде берген Еркінбек осы көмегі үшін 50 мың теңге сұрайды. Бірақ ақшаны уысына түсірген соң, ер адам әдеттегідей ізін суытқан. Сонымен қатар, арада 15 күн өткен соң Еркінбек Бекзатов тағы бір адамға шина сататындығын айтып алдайды.

Семей қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық іс барысында айыпталушы өз кінәсін мойындады. Алаяқтың торына іліккен жәбірленушілер соттан өздеріне келтірілген материалдық шығынды толықтай өндіріп беруін сұрады. Сот үкімі бойынша сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сондай-ақ, Еркінбек Бекзатов 70 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім заңды күшіне енді.

Біздің анықтама

ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-бөлігінің, 2-тармағы: Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімге ену арқылы бiрнеше рет бөтеннің мүлкін иемдену – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ