«Омбы-Майқапшағай» тасжолының құрылысы аяқталуға жақын

787
көрілім

Құрылысы ұзаққа созылған нысанға облыс әкімі Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен барып, жағдаймен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығыс Қазақстан өңірі арқылы аталған тасжолдың 231 шақырымы өтеді, соның 162,4 шақырымы төменгі төсенішпен қамтылып, көлік қозғалысына рұқсат берілді. Бірақ жылдамдық сағатына 70 шақырымнан аспауы тиіс.

Жобаның құны 84 миллиард теңге. Жол жөндеуді қазақстандық-қытайлық компаниялар бірлесе іске асырып жатыр. 400-дей жұмысшы, 214 бірлік техника бар. Трасса қолданысқа берілген соң сағатына 120 шақырым жылдамдыққа дейін жүруге мүмкіндік туады.

–Құрылыс барысында бес демалыс орны орнатылмақ. Жұмыс сапасына «ҚазАвтоЖол» қарамағындағы бес авторлық және техникалық бақылау компаниясы тексеріс жасап отырады, – дейді мамандар.

Мұның алдында «Омбы-Майқапшағай» трассасында еңбек етіп жатқан жұмысшылар облыс әкімінен қиыршық тас жеткізу мәселесін шешіп беруді сұраған болатын. Бұл ретте Зайсандағы карьерден қиыршық тас жеткізу жоспары талқыланбақ. «ҚазАвтоЖол» өкілдері жұмысшылардың арнайы киіммен қамтылуы, жалақыны уақтылы төлеу мәселелері уақтылы шешіліп отырғандығын алға тартты.