Өскемен қаласындағы «Нұрлы Жол» саябағын қандай өзгерістер күтіп тұр?

692
көрілім

Облыс орталығындағы «Нұрлы Жол» саябағы қала тұрғындарының көңілінен шықты десек артық айтқандық емес. Бұл демалыс орны отбасымен демалуға және қалалық іс-шараларды ұйымдастыруға өте ыңғайлы болып отыр. ШҚО әкімі Даниал Ахметов жақын болашақта жаңа саябақты қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, алдағы уақытта саябақта роллердром мен белсенді спорт түрлерінің алаңдары салынбақ. Олар француз жобасы негізінде жасақталады. Саябақтың әрбір бұрышы жарықтандырылып, жағымды әуеннің шырқалуы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жоспар бойынша демалыс алаңдары да кеңейтіледі екен.

– Бұл жер тек осы маңайдағы тұрғындардың ғана емес, бүкіл қала халқы мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саябақта алкогольді ішімдік сатуға тыйым салатын боламыз, – дейді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы саябақ жанынан тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер салынатынын атап өтті. Осыған дейін бос тұрған жазық даланың орнына театр, жаңа мектеп пен саябақ алаңы бар, заман талабына сай жаңа шағын аудан пайда болатынына еш күмән жоқ.