Өскемен қаласының тұрғыны сотқа тартылмас үшін ерекше қулыққа басқан

317
көрілім

Жол-көлік оқиғасының себепкері болған ер адам полиция қызметкерлеріне өз кінәсін мойындауға жүрексінді. Керісінше, жәбірленушінің кейпіне енген ол «менің көлігімді біреу айдап кетті» деп топ еткізген. Оқиғаның жай-жапсары Өскемен қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Темір тұлпарының тізгініне отырған Жалғас Серкебаев (аты-жөндері толықтай өзгертілген) құрбысының үйіне қарай жол тартқан. Ауа-райы тамаша, көңіл-күйі де керемет. Қала іргесіндегі жер үйде тұратын Әйгерім оны құшақ жая қарсы алды. Бұрыннан бері дос ретінде араласып жүрген екеуінің арасында қандай да бір сезім оты тұтанғандай еді. Көлікті аулаға қойған ер адам дүкеннен ішімдік сатып алған. Әңгімелесіп, қалжыңдасып көңілді жүрген екеуі біраз уақыттан кейін қайтадан көлікке отырып, қыдырыстап қайтпақ болады.

Түнгі қалада ары-бері жүйткіп жүрген ер адам қасында отырған ақ маралдай әдемі қызға қайта-қайта қарайлай берді. Оның үстіне, тентек судан ұрттап алғаны бар. Осы екеуі әсер еткен болу керек, кенет көлік тізгініне ие бола алмай қалған Жалғас бетон бағанаға соғылады. Бұл соққының күштілігі сонша, көлік кері серпілген күйі жол жиегінде тұрған басқа мәшинеге соғылған.

Бірден есін жиған жігіт сыртқа атып шығады. «Онсызда ақшадан қысылып жүргенде, мынаның бәрін қалай өтеймін» деп қайғырды ол іштей. Қасына келген Сәулеге мән беруден қалған өскемендік бұл тығырықтан қалай шығуды ғана ойлаған. Кенет бір ақыл тапқандай көрінді. Оқиға орын алған жерден бірнеше үй жүгіріп өткен Жалғас қалтасынан телефонын алып шығады да 102-ге қоңырау шалған.

Өз сөзінде ол полиция қызметкерлеріне көлігін белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтады. Көп ұзамай құқық қорғау органының өкілдері келіп жеткенде бет-аузы шімірікпестен бояма сөздерді айтып, жалған арыз жазады. Алайда полицейлер көлікті тауып, иесін бірнеше сұрақ қою үшін қайта шақыртқанда оның жүйке жүйесі сыр берген. Жалғас Серкебаев осындай қадамға жауапкершіліктен қорыққандықтан және жүргізуші куәлігінен айырылғысы келмегендіктен барғандығын айтып салады.

Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралған. Сот айыпталушының өз кінәсін мойындағанын, істеген ісіне өкінгендігін ескеріп, оған жеңіл жаза тағайындады. Сот үкімімен сотталушы 1 жылға бас бостандығынан шектеліп, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сонымен қатар Жалғас Серкебаев 40 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ