Өскемен көшелеріне заманға сай асфальт жайылады

505
көрілім

Биылдан бастап жол жөндеу жұмыстарына Шығыс Қазақстанның құбылмалы ауа райына төзімді асфальтты жаю қолданысқа енгізіле бастайды. Жауапты мамандардың айтуынша, жаңа асфальттың беріктігі қала жолдарын сапалы деңгейге көтеретін болады.

Облыс әкімдігінің соңғы отырысында белгілі болғандай, биылдан бастап коммуналдық қызметтегілер қала көшелерін жөндеу кезінде заманға сай технологияны қолданбақ.

– 2017 жылы қаланың орталық көшелерінде шамамен 20 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов. – Тұңғыш рет қиыршық тасты әрі мастикалық асфальт қолданылады.

Қалалық ТҮКШ бөлімінде жол қаптамасының басты артықшылықтары туралы атап өтті.

– Қиыршық тасты әрі мастикалық асфальттың құрамына қатты материалдар көптеп қосылады. Атап айтқанда, қиыршық тасқа битум мен целлюлоза араластырылады, – дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов. – Осылайша, қаптама сапасы артып, жолдың ауыр салмақ пен қысымға төзімі беки түседі.

Атап өтерлігі, «ғұмырлы» асфальт климаттық ахуалға да берік екен. Сонымен қатар, оның үстіндегі техника қозғалысының үні әдеттегіден баяу шығады.

Аян ӨРІБАЕВ