«Өскемен тәртіп» коммуналдық мекемесі қар тазалайтын техника үшін қарызға батты

303
көрілім

«Өскемен тәртіп» коммуналдық мекемесі қыста жол тазалау үшін арнайы техникаларды жалға алған кәсіпорынға 20 миллион теңгеден астам берешек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Аталған кәсіпорынмен де осы жылдың басында 5 ай келісімшартқа отырып, 14 техникасын жалға алған екен. Алайда, бастапқы екі айдың жалға алу ақысын төлеп, қалғанын бермеген. Өйткені қалғаны уақытта техникалар жұмыс істеген жоқ деп ақталады. Ал қордаланған қарызын қайтара алмаған кәсіпорын комуналдық мекемені сотқа беріп тынды.

Бастапқы сот тек 8 миллион теңгені өндіруге ғана шешім шығарған еді. Алайда, шағымданушы тарап өз талаптарының дұрыстығын алға тартып, облыстық сотқа қайта арыз түсірді. Жалпы «Өскемен тәртіп мекемесінің қарамағында қыста жолдарды қардан тазалайтын 80 техника бар. Қалғанын қала әкімдігі түрлі компаниялардан жалға алады. Ақыры дауды қайта қараған облыстық сот шағымданушы жақ талап еткен 20 миллион теңгеден астам қарызды өтеу туралы шешім шығарды.

– Бастапқы шешімге келіспеген шағымданушы жақ апелляцияға берді. Осылайша, мінекей, облыстық сот арқылы қалған қарыз толығымен өндірілді. Бірақ екі тараптың да 6 ай уақыты бар. Егер бұл нәтижемен келіспеген жағдайда жоғарғы сотқа шағымдануға құқылы, – дейді облыстық соттың БАҚ бойынша үйлестірушісі Елдос Жұмақсанов