Өскеменде «Аманжолов оқулары» өтті

551
көрілім

Ғалым Сәрсен Аманжоловтың 120 жылдығына арналған «Аманжолов оқулары-2023» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биыл айтарлықтай ауқымды деңгейде өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауқымды шараның тақырыбы «Білім мен ғылымды трансформациялау – адами капитал сапасын арттырудың негізгі факторы». Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген бас спикер есебінде сөз алды. ЖОО басшысы белгілі түркітанушы Сәрсен Аманжоловтың өмір тарихы мен ғылым жолын еске алып, университеттің қазіргі жетістіктерімен бөлісті.

Құрметті қонақтар, Директорлар кеңесінің төрағасы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Әмірхан Рахымжанов, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ардагері, Сәрсен Аманжоловтың ұлы Орал Аманжолов және Сәрсен Аманжолов атындағы орта мектептің директоры Нәзигүл Исқанова құттықтау сөз сөйледі.
Конференция барысында қызметкерлер мен оқытушылар алғыс хаттармен марапатталып, стартап жобалар байқауына қатысқан дарынды студенттер университет басшысының қолынан ақшалай сертификаттар алды.


Шара Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің сыртқы қызметкері Жофия Сиракидің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры Сарбасов Болатханның, ШҚУ-дың қазақ, орыс филологиясы және журналистикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әлімхан Айгүлдің пленарлық баяндамаларымен жалғасты.