Өскеменде «Ертіс концерт» шығармашылық ұжымы мен солистерінің қатысуымен концерттік маусым ашылды

198
көрілім

Аталған шара әдеттегідей Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы «Ертіс концерт» ғимаратының үлкен залында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен «Байжігіт» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі концерттік маусымның шымылдығын ашып, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Шалқар Рысхановтың дирижерлігімен ұлттық нақыштағы туындыны паш етті.
Облыс әкімінің симфониялық оркестрі де үлкен сахнада үздік шығармаларын ұсынды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Александр Галсанов көпшілік алдына шыққан әр солистті демеп, міндетін мінсіз атқарды.


Ұйымдастырушылардың сөзінше, әр маусым басталарда концерттік бағдарлама толықтай жаңартылып, тұрғындар мен меймандар талғамына қарай өзгеріп отырады. Осы ретте ҚР Мәдениет қайраткері Альмира Нұрғожина мен республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Ботагөз Жұмабекова Джуппе Вердидің операсынан бастап, әрі қарай өнерпаздар рет-ретімен көрермен назарын өздеріне аударды. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач Луиджи Денцаның «Funiculi-funicula» шығармасын нақышына келтірді.


Бұл жерде тек солистер ғана емес, биге кезек беріліп, халықаралық байқаулардың лауреаты «Алтай» халық би ансамблі аянып қалмады. Халық әндерінен соң, «Әлем сазы» вокалды аспаптық ансамблі мен «Big Band» джаз оркестрі шара көркін қыздырды.
Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Қабдоллаева Кеңес Дүйсекеевтің әуеніне жазылған «Өкінбе сен» әнін шебер орындады. Концерттік маусымның ашылуы есімі елге мәлім Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен тәмамдалып, қалың көрермен ықыласпен қол соқты.