Өскеменде есірткі тасымалымен айналысқан студенттің “мансабы” екі айдан соң аяқталды

691
көрілім

17 жастағы жігіт психотроптық заттарды сақтады деген күдікке ілігіп тұр. 

Жедел-іздестіру шаралары кезінде полицейлер мен Ұлттық ұлан жауынгерлері Өскемен көшелерінің бірінен студент жігіттің қалтасынан ақ ұнтақ қосылған 20 ораманы тапқан. Сараптама нәтижесінен белгілі болғандай, бұл жалпы салмағы 21,65 грамды құрайтын (70 бірреттік доза) "Альфа-РВП" психотроптық заты болып шықты, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталған адам екі айдан астам уақыт бұрын есірткі тасымалдаушы болып жұмысқа орналасқанын және бұл жұмыс туралы әлеуметтік желіден көргенін айтты. Бұл ретте ол өз қызметінің ақысын биткоин-әмиян арқылы алған.

Кәмелетке толмаған студентке қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 1-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Замира Сүлейменова