Өскеменде ірі тұлғалардың есімі берілген көшелер саяжай маңынан аспай тұр

614
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Кейде тарихқа терең бойламай жатқан болуымыз керек. Заман ағысы соған кедергі келтірді ме, әлде белгілі бір адамдар қатары кері ықпал етті ме екен: көше атауларын берудегі кемшіліктер кейін байқалып жатыр. Кемшілік деп кесіп айтуымыздың бір себебі, мағыналық мәні жоқ көшелермен бірге тарихи тұлғалардың бір аумақта орналасуы қазақы құндылықтарды төмендету болып көрінді. Мақала барысында осыған бірнеше мысал келтіріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарты жылдан бері атаусыз

Қала келбетінің өзіндік сәулетімен, болмаса сән-салтанатымен ғана өлшенбейтіні белгілі. Қалай десек те, сол елдің, сол өлкенің өзіне тән ерекшелігі ұлттық сипат беретіні сөзсіз. Тәуелсіздік алған тұста Шығыс Қазақстандағы ономастика қарқынмен болмаса да, бір қалыппен өзгеріске ұшырағанын көп адам айтып бере алады. Мағыналық мәні жоқ атаулардың мол болғаны жасырын емес. Әйтсе де, тақырып аясын тек Өскеменмен шектесек, идеологияның әлі де олқылыққа жол беріп жатқанын аңғаруға болады. Соңғы екі-үш жылда Өскемен бойынша қанша көше атауы өзгерді, бір жылда қаншасы қамтылады деп қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қоңырау шалып едік, ол жақтағылар нақты ақпаратты беру үшін ресми бекітілген шешімді күтіп отырғандарын жеткізді. Оған көп бөгелмей, соңғы жаңалықтарға зер салсақ, биылдың өзінде 23 көше атауының өзгергені көпке мәлім. Ономастикалық жұмыс тобы дейміз, олардың құрамына кімдер кіреді?

– Тақырып ауқымы кеңейе түсетінін ескерсек, жұмыс тобының құрамында тарихшы, архив қызметкері, БАҚ өкілдері, сәулет және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер болады. Қалалық жұмыс тобының мүшелері өз ұсыныстарын бекітіп, сосын облыстық мәслихатқа жібереді, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айым Әскерханова.

Осы пікірді жан-жақты толықтыра түсу үшін Ахмер кентіндегі көше атауларын мысал етейік. Кез келген тұрғын телефонындағы қала картасын ашса, ономастикалық өзгерістердің қала шеңберінен шығуға шақ қалғанын анық байқайды. Осыдан 50-100 жыл бұрын Морковная, Помидорная деген атауларды қою маңызды саналған сияқты. Бірақ Ахмер тұрғындары егемендік алған тұстан бастап бұлардың барлығы өзгеріске ұшырауын дұрыс деп санайды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары көшесі Ахмердегі ұзындығы 100-200 метрден аспайтын алқапты алған. Оның алдын көлегейлеп Заря-1, Заря-2, Заря-3 тұр. Хан Кенемен бір жазықта Вишневая, Садовая, Малиновая, Клубничнаялар иін тіресіп тұр. Соңғы ханға серік болып, сол маңда Қонаев пен Қарабаев көшелері ғана орныққан. Орнықты дейміз-ау, ырымын жасап, кесек тұлғалар осы жаққа мақсатты түрде ысырылған сияқты. Бұрынғы Қапшағай қаласына Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілсе, Өскеменде соңғы хан мен хатшының абыройы саяжайдан аса алмаған. Одан қалса, Қонаев көшесі деп жазылған тақтайша әлі орнатылмапты да. Мұны сол жаққа арнайы барғанда көрдік.

– Иә, атауын әлі жазбады. Осылай тұрғанына шамамен жарты жылдай болды, – деді Ерсін Мұратов есімді тұрғын.

Шет жаққа әдейі «жіберілген»

Қалалық ономастикалық жұмыс тобының мүшесі, ғалым-ұстаз Бердібек Бияровтың сөзінше, егемендік алып жатқанда осы мәселе басшылыққа қойылды.

– Ономастикалық комиссия мен мәслихаттың сол кездегі шешіміне сәйкес бұл тұлғалар әдейі шет жаққа «жіберілді». Айталық, Ахмер, Меновное ауылдары. Қала ішіне енуі мүмкін болмаған ол кезде. Шешім шығаратын құрам да күрделі болды. Бірақ қазіргі комиссия кейбір ірі тұлғаларды шаһар ішіндегі ұзын көшелерге беріп, өзгеріс енгізіп жатыр. Стахановская көшесіне Жақсылық Үшкемпіровтің, Энтузиастовқа Бошай Кітапбаев есімінің берілуі осының бір көрінісі, – деді ғалым.

Сол жағымыздағы көпқабатты үй – Бауыржан Момышұлы көшесі, ал оң жағымызда Әлия Молдағұлова көшесі

Жоғарыда жазған бас маман Айым Әскерханова да осы тұрғыда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын сөз етті. Әйтсе де Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен мерген қыз Әлия Молдағұлованың есімі шаһар іші емес, Күленов кентіндегі тақтайшадан орын алуы ірі тұлғаларға деген құрметтің биік болмауы деп қабылданды. Қабырғасы сөгіліп, шатыры ұшып, құрылысы әлі аяқталмаған сұрықсыз үйлер де осы Бауыржан Момышұлы көшесінде. Оқ пен оттың ортасында жүріп, жаумен арпалысқан қос батырымыз Алтай астанасының осындай шет бөліктерін күзетіп жатқандай.

Қоғам белсенділері бұған дейін өткен жиындарда мынадай мысалға тоқталып еді. Кей адамдар Өскеменде оқшаулау, түтін саны жеті-сегізден аспайтын көшені қазақшалауға әуес көрінеді. Кейін есеп беру кезінде осындай ұсақ-түйектерді тізбелеп шығу арқылы атқарылып жатқан жұмыстың қисапсыз екендігін екпін қойып айтады. Ал мұның құндылығы көк тиын. Мамандар сөзінше, ұсынылатын атаулардың тізімін Астанадағылар жібереді, солардың ішінен лайықтысын іріктейді. Қаладағы ономастикалық жұмыс тобының мүшесі Айгүл Әсетқызы еліміздегі заңнаманың өзі кей тұрғыда әлсіздік танытатынын жеткізді. Яғни, осы секілді атау беру сөз етілсе, оның мемлекеттік тілде болуы керек деген тармақ жоқ. Тек тарихи тұрғыдан атауы ескірген көшелердің атын өзгертумен шектелген. Мамандар бұған екі жақты қарайды: комиссия өкілдері сол қала менен аудандағы ұлттардың үлесіне статистикалық жағынан мән беруді қаперден шығарған жоқпыз дейді. Тағы бір тұсы, жұмыс тобының мүшелері тарихи тұлғалардың қала іргесіндегі шағын аудандарға шығарылуын алдағы құрылыс жұмысының кеңею ықтималдығымен ұштастырыпты. Бірақ Кенесары хан мен Бауыржан Момышұлы көшелерін мысал етсек, мұндай есеп әсте қисынсыз көрінді. Қанша үй салынса да, ел абыройын асырған сайыпқырандардың анда-санда еске түсетіні рас.

«Ұсақ-түйек ұсыныс та орынсыз»

Айгүл Әсетқызының айтуынша, жоғары жақтағылар атауларға белгілі бір уақытқа мораторий жариялайды. Яғни, өзгертуге тыйым салады.

– Әр өңірдің өзіне тән өзгешелігі болады. Айталық, оңтүстік жақта «атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге беру» деген тенденция бар. Бұл да бір бағына бермейтін заңдылық. Ескеретін тағы бір жайт: адам өмірден өткен соң бес жыл бойы оның есімін еш жерге беруге болмайды. Бірақ қатып қалған қағида емес, бұл тек ұсыныс. Егер бес жылдан соң іздеушілері келіп, «бұл азаматтың еңбегі сіңіп еді» деп айтып жатса, есімі берілуі мүмкін, – деді маман.

Ахмер кентінен алыстамай, мынадай атауларды мысал етейік. Көшелерді бірінен соң бірі аралап шығып, алдымен Қозы Көрпешке көзіміз түсті. Сосын Қыз Жібек көшесі. Қара қыпшақ Қобыланды да сол маңда. Тек тұлпары Тайбуырылды «Тайбұрыл» деп өзгертіп жіберген. Сонымен жапсарлас Құлагер, әрі қарай Алпамыс батыр көшесімен өттік. Барлығы қазақы құндылықтан сыр шертіп, тарих пен әдебиеттің төріне жетелеп-ақ тұр. Алаштың әйгілі әншісі Күләш Байсейітова мен «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов 100-200 метрден аспайтын көшелермен шектелген. Әйтеуір Сәкен Сейфуллинге бір ұзын көше бұйырыпты.

Ономастикаға қатысты жиында негізгі екі қадам жасалады. Алдымен қалалық жұмыс тобындағылар қарап, ұсыныстарын мәслихатқа жібереді. Мәслихаттағылар бір жаққа қисайса, ұмтылыстың зая кеткені. Ал құпталған жағдайда ары қарай қоғамдық тыңдау өтіп, кейін облыстық мәслихатта қаралады. Бірақ түбінде барлығы қағаз жұмысына келіп тірелетіндіктен, істің аяқсыз қалатыны да содан.

– Сөз етілген Кенесары ханды айтсақ та, Білге қағанға, Найманның Күшлік ханына да атау берілсе, нұр үстіне нұр. Осы қаламызда берілуін орынды деп санаймын. Алайда мұның барлығын негіздеп, жазып, тиісті жиындарда сөз алып, ұсыныс айтатын адам жоқ, – деді комиссия мүшесі.

Бір анық жайт: ресми бекітілген көше атауы қазақша, я орысша болса, оны аудару қателік. Мәселен, «Независимости даңғылын» Тәуелсіздік деп аударып жазу заңнама тұрғысынан бұрыс саналыпты. Бастапқыда Ленин, сосын Независимости, кейін Назарбаев даңғылы болып ауысқаны да кей тұрғындарды қуантыпты. Себебі, «Бастысы, бір атау болса да қазақшаланды ғой» дескен.

«Астанадағыдай әдемі емес»

Тағы бір дүние, көше атауларын берерде көп адамның бұған үстіртін қарайтындығы. Бірі «Құрметті азамат» атанған атасын айтса, бірі соғысқа қатысқан жақынын ұсынатын көрінеді. Айгүл Әсетқызының сөзінше, бұдан ауқымдырақ ойлауға болады. Жоғарыда жазған Білге, Құтлық қағандар осыған негіз.

– Өңірдегі әр тұрғынның атасы соғысқан болуы мүмкін. Егер тек осы тұрғыда тақырып қозғалса, ұсынылған соғыс ардагерінде Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, «Даңқ» ордені сияқты марапаттар болуы керек. Ал «Еңбек ерін» сөз етсе, ол адамның облысқа, жергілікті халыққа қандай қызмет атқарғаны ескеріледі, – деді ол.

Президент Жарлығымен былтыр «Халық Қаһарманы» атағы берілген жармалық мерген Төлеуғали Әбдібеков пен ұландық Кеңес Одағының Батыры Серікқазы Бекбосынов сияқты жерлестеріміз Өскеменнің бір көшесін иеленуге әбден лайық.

Тарихи тұлғалар мол шоғырланған Ахмерде қазақылықтың иісі сезіліп-ақ тұр, бірақ көп адам ол көшелерді әлі көріп-естімеген болуы да мүмкін. Айгүл Әсетқызының «Иә, өңірде көшелер біртіндеп өзгертіліп жатыр. Бірақ Астананың атауларындай әдемі болып шығып жатқан жоқ. Өйткені, жұлма-жұлма» дегені ой төркінін кәдімгідей ықшамдап тұр. Бәрін айт та, бірін айт, саяжай аумағындағы Хан Кене мен Қонаевты мұншалықты төмендетудің жөні жоқ еді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ