Өскеменде қаланы қоқыстан тазарту мәселесі талқыланды

378
көрілім
Фотосуреттер автордікі

25 сәуірде “Қазақстанның “Байтақ” жасылдар партиясы” Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен “Тұрмыстық қатты қалдықтар” тақырыбында талқылау өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жиналысқа Табиғат қорғау бағдарламалары және су ресурстары бөлімі, “Қоғамның экологиялық даму орталығы” ҚБ, Қоқыс сұрыптау зауыты мен өзге де ұйым өкілдері қатысты. Шара барысында спикерлер өңірдің экологиялық жай-күйі мен қаланы қоқыстан тазарту мәселесін талқылады. Сонымен қатар қоқысты сұрыптау мен өңдеу туралы халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, санкцияланбаған қоқыс алаңдарын азайту ұсынылды.
- Бүгінгі бас қосуда тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі қозғалды. Өскемен қаласында бұл өзекті сұрақтардың бірі. Қала сыртындағы санкцияландырылмаған қоқыс алаңдарының көбеюі де байқалады. Осы орайда тұрмыстық қатты қалдықтарды анықтап, оны жою шараларын талқыладық, - деді  “Қазақстанның “Байтақ” жасылдар партиясы” ШҚО филиалының атқарушысы хатшысы Алмаз Джакишев. 
Пікір алмасу кезінде “C&T-lab” бақылау-сынау зертханасының басшысы Надежда Альцева көпшілікке “Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау процестерін оңтайландыру” атты жобасын ұсынды. Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бірыңғай тұжырымдамасының болмауы стихиялық қоқыс алаңдарының артуына, мәдениеттің төмендеп, аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлауына ықпал етеді. Шаруашылық қалдықтарды басқарудың ұтымды және экологиялық жүйесі ретінде цифрландыруды енгізу жобаның өзекті тұсы саналады. 

                                                                                                                                      
- Бүгінгі таңда тұрмыстық қатты қалдық полигондары 98,2%-ға толып тұр. Қоқыстың тек 2%-ы өзге мекемелерге қайта өңдеу үшін жіберіледі. Ұсынылып отырған жобаның басты мақсаты - қатты қалдықтарды утилизациялаудың бірыңғай цифрлық жүйесін құру арқылы оны шығару кезінде логистиканы оңтайландыру және үнемдеу. Болашақ ұрпаққа үлгі ретінде тұрғындардың қалдықтарды сұрыптауға саналы көзқарасының негізін қалыптастыруды да көздеп отырмыз, - деді жоба авторы Надежда Альцева. 
Аталған идея аясында бірнеше шараларды жүзеге асыру жоспарланған: қала аумағындағы рұқсат етілген және рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын QR кодтау жүйесіне енгізу,  бірегей QR коды бар рұқсат етілген полигондарды тіркеу. Осы арқылы тұрғындар контейнерлердің толып кеткені туралы жауапты мекемеге хабарлай алады.Осылайша, жиналған қоқыс уақтылы шығарылып отырады. Бұл бір жағынан «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС тасымалдау шығындарын азайтады делінген. 
Қала сыртында да, қаланың өзінде де бар рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары тұрғындарға экологиялық қауіп төндіреді. Бұл жағдайды шешу үшін заңды және жеке тұлғалардың барлық ресурстарын біріктіру қажет. Мұндай полигондарды түгендеу қалдықтардың көлемі мен аумағын анықтап, ең ластанған аумақтарды утилизациялауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қала азаматтары жауапты тұлғаларды уақтылы тарту үшін әзірленген “TAZAQALA” қосымшасы арқылы рұқсат етілмеген қалдықтарды шығару туралы хабарлай алады. Аталған қосымшадағы QR кодын сканерлеу кезінде Өскемен қаласында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтардың жекелеген санаттарын қабылдау пункттер туралы мәліметтер қолжетімді болады. Жаңа жобаның мақсат-міндеттерін қала жұртына насихаттау жұмыстары да қолға алынады. 
- Жобаны жүзеге асыра отырып, біз келесідей нәтижелерге жете аламыз: рұқсат етілген және рұқсат етілмеген қалдықтарды шығару орындарынан сенімді деректер алынады. 
Әзірленген қосымша қоқыс контейнерлері бар алаңдардың жұмыс көлемін талдауға, қалдықтарды шығаруға арналған логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы - өскелең ұрпақ үшін қалдықтарды сұрыптауға саналы түрде қараудың негізі қаланады, - деп қорытындылады Надежда Альцева.
Қымбат МУХАМАДИЕВА