Өскеменде «Кел, сөйлесейік» клубының ашылуына 1 жыл толуына орай өнер кеші өтті

239
көрілім

16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні аясында Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада «Кел, сөйлесейік» қазақша ауызекі тілде сөйлеуді үйрету  клубының ашылғанына бір жыл толуына орай «Тілім  менің – тәуелсіздік тірегі» атты мемлекеттік тілде өнер кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Былтыр қалалық  әкімдік қазақша ауызекі сөйлеу клубын ашу туралы ұсыныс жасаған еді. Бұл өзекті ұсынысты кітапхана басшылығы бірден қолдап, клубтың жұмысын жүйеледі.
Жыл көлемінде «Кел, сөйлесейік» клубының мүшелерімен мереке күндері концерттік бағдарламалар, әртүрлі интелектуалды сайыстар ұйымдастырылып отырды. Мемлекеттік тілімізді үйренуге талпынған қала тұрғындарын ынталандыру мақсатында жеңімпаздарға сыйлықтар табыс ету дәстүрі қалыптасқан.
Ал, «Тілім  менің – тәуелсіздік тірегі» атты өнер кешінің соңында қатысушылар ғана емес, балаларына мемлекеттік тілімізді үйретуге қолдау білдіріп отырған ата-аналарға да алғыс білдірілді. Тіліміз бен ұлттық мәдениетімізді үйретіп отырған ұстаздар да кәдесіз қалмады.
Кеш бойы қатысушылар егемендігімізді ұлықтап, Отанымызға жыр жолдарын арнады. Балалардың өнерлерінен елімізге деген сүйіспеншілік пен құрметтің ыстық лебі сезілді. Асқақтай желбіреген көк тудың астында әртүрлі ұлт өкілдері тату тұратынын мақтана жеткізді.
Шығармашылық кештің сәнін «қамажай», «айгөлек» билері, Отан туралы өлең жолдары мен фортепьянада орындалған қазақтың халық әні «Қарлығаш» келтірді.
Тілімізді дәріптейтін ауызекі сөйлеу клубына  600 қала тұрғыны жазылғанымен тұрақты 450 келуші бар.
Кешіміздің арнайы қонағы Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Смит Ирина Федоровна ыстық лебізін білдірді.
Мемлекеттік тілімізді үйренем деушілерге Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханасы мен бөлімшелерінің есігі ашық. “Кел, сөйлесейік” ауызекі сөйлеу клубының жаңа мүшесін асыға күтеміз.