Өскеменде кісі өлтірді деген күдікпен 19 жастағы жігіт қамауға алынды

656
көрілім

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қанды оқиға Виноградов көшесінің бойындағы үйлердің жанында түнгі сағат үш уақытында тіркелген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қылмыстың не үшін және қалай орын алғаны туралы нақты мәлімет тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанына байланысты толық айтылмайды. ШҚО ІІД хабарлауынша, үш жігіттің арасындағы кикілжің төбелеске ұласып, нәтижесінде 19 жастағы жігіт екі адамды пышақпен жаралаған. Осының салдарынан зардап шегушілердің бірі оқиға орнында жан тапсырған. Ал екіншісі ауыр жарақат алған күйі ауруханаға жеткізілген.

– Қазіргі уақытта сараптамалар тағайындалды. Іздестіру анықтау нәтижесінде қылмыстың ізі суымай ашылып, күдікті ретінде 19 жастағы азамат уақытша қамау изоляторына қамалды. Күдікті – Өскемен қаласының тұрғыны. Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 99 және 106-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаев.