Өскеменде көркем өнер ұжымдарының облыстық фестивалі мәресіне жетті

267
көрілім

Облыстық Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» залында қазылар тарапынан жоғары баға алып, жүлде алғандар марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кешелі бері облыс аудандарынан келген театрлар тамаша қойылымдарымен көрерменді қуантып, Драма театрында бас қосты. Қазылар ескертуін айтып, кейбіріне кем-кетіктерін толықтыруға кеңес берді. Бүгін барлық өнерпаздар «Ертіс концерттің» үлкен залында тиісті жүлделеріне ие болды. Алдымен облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов сөз алып, барша қатысуға алғысын білдірді.

– Өздеріңіз белсене ат салысып жүрген «Туған жер – алтын бесігім» атты жоба облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қолдауымен ұйымдастырылған тамаша бастамалардың бірі. Одан бөлек, басқа да жобаларымыз бар. Күні кеше Катонқарағай ауданы, оған дейін Тарбағатай, Зайсан аудандарының өнерлі азаматтары мен нәзік жандылары келіп,өнерлерін паш етті. Бұл ары қарай да жалғаспақ. Тағы бір айта кетерлігі, «Алтай халық театрлары» мен «Шырайлы Шығысым» фестивальдерін ерекше атап өтуге тұрарлық. Олардың мақсаты – ауыл мәдениетін дамыту. Екіншіден, өнеріміз бен мәдениетімізді биікке көтеру. Үшіншіден, мәдениет саласында жүрген таланттарымызды қолдау үшін ұйымдастырылып келеді. Бұл фестиваль танылмай жүрген талапты жастардың томағасын сыпыруға даңғыл жол ашады. Одан бөлек, аудандардың мәдени қатынастарын бекіту де басшылыққа алынды. Екі фестиваліміз мәресіне жетіп, қазылар үздіктерді анықтады, – деді басқарма басшысы.

Алдымен белсене қатысқан аудандарға Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлық табыс етілді.

Бұл ретте Тарбағатайдан бастап, Шемонаиха, Катонқарағай, Глубокое, Зайсан және Самар аудандарының шығармашылық ұжымдары сахнаға беттеді. Ал «Алтай Халық театрлары» фестивалінің қорытындысында «Зайсан халық театры» «Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлыққа» ие болса, «Ең үздік әйел адам ролі» номинациясы «Ақжар халық театры» әртісі Назерке Қабыкеноваға, «Ең үздік ер адам ролі» «Ақжар халық театрының» актері Айдар Аусарбаевқа бұйырды.

1 орын – «Поэзия халық театры» (Зайсан ауданы);

2 орын – «Ақжар халық театры» (Тарбағатай ауданы);

3 орын – «Өрлеу» көлеңкелі қуыршақ театры (Самар ауданы).

Әрі қарай «Ертіс концерт» залының сахнасында әр ауданның өнерпаздары халық әндерін орындап, меймандарға әралуан әсер сыйлады. Айталық, Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгі иегері атанған Мұзтау тобы (Катонқарағай ауданы) Сүгірдің «Ыңғай көгін» орындаса, ұландық Талант Манат «Өздерің білер Нартаймын» деп залды баурап әкетті. Зайсаннан келген Бұлбұл Ардабекова «Бұлбұл» әнін шырқап, Самар ауданының «Забава» вокалды ансамблі «Праздничная» композициясын орындады.