Өскеменде құрылысшылар полициямен бірігіп, Ертіске құлап кеткен қызды құтқарып алды

872
көрілім

Бүгін яғни, 25 сәуір күні Өскемен қаласындағы Ертіс өзені мен Үлбі өзені тоғысқан Стрелка ауданының тұсында 19 жастағы қыз абайсызда суға құлап кеткен. Жағалау биік бетонды болғандықтан, бойжеткеннің өміріне біршама қауіп төнген. Мұны көріп қалған құрылысшылар қызды судан «Кран» техникасымен алып шығып, оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері бойжеткенге алғашқы көмек көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Стрелка ауданындағы полиция бекетінде сол уақытта жол-патруль қызметкерлері – полиция сержанты Рүстем Ағыбаев пен Рауан Жақсылықов кезекшілікте жүрген. Оларға рация арқылы Стрелка маңайында бір қыз баланың суға түсіп кеткені туралы хабарлама түседі. Осы хабарламаны естігеннен кейін тәртіп сақшылары бірден көмекке жүгіріп, жағалауда бойжеткен құлап кеткен тұсқа жеткен.

– Ол жерде қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Судан бойжеткенді көріп қалған құрылыс жұмысшылары қызды алып шығуға ыңғайланып жатыр екен. Қыз суға түсіп кеткенде кеудесіне дейін суда малшығып тұрған. Жалма-жан құрылыс жұмыскерлері «Кранның» мұнарасын түсіріп, жіп байлап, қызды полиция қызметкерлерімен бірге жағаға алып шықты. Тәртіп сақшылары сол жерде қызды ертіп, бекетке апарған. Суға малшығып, қиналып қалған қызға полиция қызметкерлері күртелерін беріп, жылытқыш қосып, ыстық шай берген. Осыдан кейін ауруханаға қоңырау шалып, дәрігерлер тексергеннен кейін қыздың денсаулығына ешқандай зақым келмегенін анықтады, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаев.

19 жастағы қыздың айтуы бойынша, ол аяғын салбыратып қоршауда отырған кезде абайсызда суға түсіп кеткен екен. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Аян Өрібаев