Өскеменде "Міндет! Абырой! Ерлік" патриоттық шарасы өтті

127
көрілім
Фото сурет автордыкі

Облыс орталығында Жеңіс күніне орай жастарды әскерге шақыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды  Buqara.kz сайтының тілшісі.


Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні қарсаңында Өскеменде "Міндет! Абырой! Ерлік" атты патриоттық шара өтті. Соның аясында облыстағы жастарды әскери салаға қызықтыру және әскер сапында борыштарын өтеуге шақыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық қағаздар таратылды. Бұдан бөлек, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған акция өтіп, «Жеңіс лентасы» патриоттық ленталары қала тұрғындарына табысталды. Бұл ҚР Қарулы күштерінің оң имиджін қалыптастырып, әскери қызметтің беделін арттырады.


ШҚО Қорғаныс істері департаментінің тәрбие, идеология жұмыстары мәселесі бойынша бастығының орынбасары Жастан Сатыбалдиевтің сөзінше, жастарды әскери қызметке тартудың маңыздылығы зор.
- АДК сауда үйінде облыстағы жасөспірімдер мен әскери салада қызмет еткісі келетін ер азаматтарды мерзімді жұмысқа шақырдық. Отан алдындағы борыштарын өтеу мақсатында ұлдарды жоғарғы әскери оқу орындарына түсуін де қамтамасыз етеміз. Оған қоса келісім шарт бойынша әскери жұмысқа орналасуын қадағалаймыз. Сол мақсатта тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы қағаздарды тараттық, - дейді майор.


Осындай акциялар жастар мен барлық әскери санаттағы қызметшілер арасында патриоттық сананы, жоғары адамгершілік қасиеттерді, конститутциялық және әскери борышқа адалдық идеясын, жоғары жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға ықпал етеді.

Нұрәулет ҚАЛИБЕКОВ