Өскеменде «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

461
көрілім

«Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің IV отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеңес отырысында «Шығыс Қазақстан облысы бойынша мұражайлар мен теартлардың қазіргі жай-күйі туралы», «ШҚО Драма театрының қазіргі репертуары» тақырыптары аясында мәселелер қаралды.

Отырыста тарихи-мәдени мұра объектілерінде атқарылған ғылыми зерттеулер мен олардың есептілігі, ұлттық құндылықтарды сақтау, зерттеу және насихаттау, оның ішінде қайта қалпына келтіру, бөлінген қаражаттың көлемі, мұражайлардағы қызметкерлердің орташа жалақысы, қоғам назарын аударту бойынша ақпарат көздерінің таралуы, театр мен музейге келушілердің саны секілді күрделі тұстарға да қатысты бірқатар сыни пікірлер айтылды.

– «Мирас» қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта облыс тұрғындары арасында музей, театр жұмыстарын кеңінен талқылап, насихаттау жұмыстарына белсенді қатысуға ниет танытты. Сонымен қатар, Шығыс өңіріне келіп, театрлардың іс –тәжірибемен алмасу барысы, соның ішінде М.Әуезов атындағы драма театрдың жұртшылыққа қойған қойылымдары мен әсерлері де сөзге дәйек болды. Сондықтан да, партия мәдениет мен өнерге айрықша мән беріп, осы салада уәкілетті органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылауда ұстайды, – дейді «Nur Otan» партиясы ШҚО филиалының баспасөз хатшысы Тәттімбек Асханұлы.

Отырыс соңында азаматтарды ескерткіштерге қамқор болуға ынталандыру және табиғи апаттардан құтқару шараларын қарастыру бойынша ұсыныстар айтылып, жастардың театр мен музейдің тыныс–тіршілігімен танысу, оларды тамашалауға байланысты мәселелері де талқыланып өтті.