Өскеменде Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті

1091
көрілім
Фотосурет авторы - Виктор Абакумов.
Өскемен қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті. Шараға қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов аяулы ұстаздар мен білім жолына қанат қаққан мектеп оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Осыдан 4 жыл бұрын құрылысы қолға алынған Назарбаев Зияткерлік мектебінің жаңа ғимараты биыл ашылып отыр. 720 оқушыны қамтитын су жаңа білім ордасы толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқушыларды нағыз білімнің кәусәрінен қанып ішкізер 124 білікті мұғалім өз қызметін бастауға сақадай сай. Мектептің жалпы ғимараты 23 159 шаршы метрді құрайды.

Салтанатты ашылу шарасына аймақ басшысы Даниал Ахметов, Назарбаев Зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шигео Катсу және НЗМ ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шамшидинова қатысты.

Құрметті аналар мен ұстаздар, оқушылар! Баршаңызды алдымен еліміздің Ата заңы қабылданған Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай айтулы мереке қарсаңында Назарбаев Зияткерлік мектебінің жаңа ғимаратын ашып отырмыз. Бүгінгі бала – еліміздің ертеңі. Олар жаһандық бәсекеге қабілетті маман болу үшін ең алдымен білімді болу керек, – деді Даниал Ахметов өзінің құттықтау сөзінде.