Өскеменде «Торпедо» командасының биылғы маусымына қатысты жиын өтті

537
көрілім
Фотосурет hctorpedo.pro сайтынан

Жуықта Өскеменде маусымның басталуына орай «Торпедо» ұжымы басшылығының қатысуымен жиын өтті. Журналистердің қойған сұрақтарына клубтың бас бапкері Александр Шахворостов жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Конференция әдеттегідей Б.Александров атындағы Спорт сарайында өтті. Ауқымды жиынның осы жерде ұйымдастырылмағанына да біршама мерзім болған. Көптің алдына бас бапкермен бірге, «Торпедоның» бас директоры Виктор Быстрянцев пен «Қазцинк» ЖШС әкімшілік сұрақтар бойынша директоры Андрей Лазарев шықты. Алғашқы сауал ұжымның биыл алдына қойып отырған мақсаты туралы болды.
Бұған берілген жауап: «Қазір жастардың ойынын шығарып жатырмыз. Әр кездесуде жеңуге тиіспіз. Турнир кестесінде мынадай орын аламыз деп дөп басып айту қиын. Себебі, біз құрып отырған жоспар алдағы 2-3 жылды қамтиды». Виктор Быстрянцевтің айтқаны осы.
Биік межелерге жету үшін тек «Торпедоны» жаттықтыру аздық ететіні белгілі. Ол үшін «Алтай Торпедоға» жан бітіру керек сияқты. Бұл орайда жауапты тұлғалар нақты ақпарат ұсынбады. Анығы сол, жалынды жастардың бірнеше буыны бабын жоғалтқан, енді оларды қайта жасақтау үшін едәуір уақыт керек. «Торпедо» сапында хет-трик жасап көзге түскен Стас Петросянның командаға оралу-оралмауы сөз етілді.
– Осы сұраққа мүлде жауап бергім келмейді. Өткенді қазбалап, біреудің кемшілігін бетіне басқан дұрыс емес. Ол ойыншымен екіжақты келісім бойынша жұмысты тоқтаттық, – деді Быстрянцев.
Команданың соңғы кездегі аяқ алысына қатысты бас бапкер Александр Шахворостов ойын ортаға салды.
– Шабуыл кезінде жоспарымыз толыққанды орындалмай жатыр, жігіттер жоқ жерден жарақат алып қалады. Шайба ұшқан кезде оны өздеріне қабылдайды. Қапталдағы қарбалас кезінде оқыс ойнап жатады. Максим Базанов пен Диас Рысбековтың ойыны қуантты. Команданың көшбасшы ойыншылары қақпадан саңылау тауып жүр. Жақын арада Соколов, Гасников, Гребенщиков қатарға қосылады, – деді бапкер.
Андрей Лазарвтің сөзінше, барлық жүйелі жұмыстың нәтижесі Өскемендегі хоккейді қайта тірілтеді. Соның алғашқы қадамдарының бірі ретінде, облыстың аудан, қалаларынан балаларды іріктеп, солардан «Торпедоның» жаңа буынын қалыптастыру бойынша жаңа бағдарлама ойластырымақ.

– Ұжымның жоғары хоккей лигасына оралуы туралы сөз қозғауға сәл ертерек. Бұл әңгіме команда ел чемпионатында нақты бірінші орынға бекіген кезде жалғасын табады. Жалпы, жанкүйерлер арасында хоккейге деген махаббат өшкен жоқ, соны қайта маздату керек, –деді Лазарев.