Өскеменде журналистер кәсіби мерекесін атап өтті

1010
көрілім

28 маусым журналистер күні қарсаңында Өскеменде бірнеше ауқымды шара өтті. Күнделікті ақпарат таратып, көгілдір экран ары жағынан түрлі сұхбаттар жүргізіп, репортаждар тарататын тілшілер қауымы бір сәт қарбалас жұмыстан қол үзді. Бірі «ұрыны» іздеп тапса, бірі жүйрік жігіттердің басын қосып, шағын футбол сайысына қатысты. Жүлде қоры қомақты, қойылған меже биік болды әрбірі үшін.

Журналистер ұстаған ұры
Алдымен маусым айының 23-і күні 12 тілші этнографиялық саябақ алдына жиналып, өздері үшін әлі белгісіз тапсырманы күтіп тұрды. Аздан соң арнайы автобус келіп, барлығын отырғызып, жол-жөнекей ұлттық ұландықтардың киімдері берілді. Өлшеміне қарай таңдап, бас киімнен бастап шалбарға дейін ауыстырды. Қысқасы, тілшілер бірнеше минутта әскери  адамға айналып шыға келді. Бір жағынан күн райы да кез келген шараны өз деңгейінде өткізуге қолайлы еді.
Әрі қарай сап түзеп, бір-бір әскери жасақ бастығы бекітілді. Оларға берілген тапсырма – қара «панама» киген, жасы жиырмадан асқан жігітті табу керек. Қаладағы дүкендердің бірін «тонап», саябақ аумағында жасырынып жүрді. Іздеуге барлығы жеті топ тартылды. Әр жасақ бастығының қолында нұсқаулық. Топтар өздеріне тиесілі аумақты тінтіп, жарты сағатта табулары тиіс. Әрине, бірінші тапқан жасаққа арнайы сыйлық әзірленді.
Қазақстан Журналистер одағы ШҚО филиалы мен ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бірлесе ұйымдастырған шарада әр жасақ реттілік бойынша «Сұңқар» деп аталды.  Алғашқы жиырма минутта еш нәтиже байқалмады.
Кейін «Сұңқар 2» жасағындағы облыстық «Менің өлкем» газеті мен өңірдегі «Алтай» арнасының тілшісі жүрісі суыт, қара бас киім киген жігітті байқайды. Әскери жасақ бастығы да жылдам басып, ұлттық ұландықтар «күдіктінің» дәл алдынан шықты.


Алайда іздеудегі адам құжатын ұсына бере басы ауған жаққа тұра ұмтылды. Әскери жасақ соңынан қуып, алғашында тез қолға түсірді. Дегенмен межелі жерге жете бере, кісенін шешкені сол еді «ұры» сәл шегіншектей бере екпін ала тағы қашты. Бұл жолы да «Сұңқар 2» жасағы қырағылық танытып, ұзап кеткен адамды ұстап әкелді.
– Осындай шара биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл жолы белгілі бір аумақта тек іздестіру тапсырмасын дайындадық. Әріптестер бұдан да қызықтырақ, әсерлі етіп өткізуді ұсынды. Мұның алдында БАҚ өкілдері жауынгерлік қарудан оқ атып, түрлі кедергілерден өткен болатын. Осы жолы жүктемені жеңілдеттік, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.

Дүркіреген доп додасы
Ертеңінде, яғни маусым айының 24-і күні «Восток» стадионында балалар жазушысы, публицист Марат Қабанбайдың жүлдесіне шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған шара. Алыс-жақыннан сегіз команда жиналып, жүлде алып, жеңімпаз атану үшін барын салды. ҚР Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Нұртас Солтанұлы аталған сайысты дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар екенін жеткізді. Жүлде қоры қомақты болады деген соң әу баста өтінім берген командалар тегіс жиналды. Алысы Талдықорғаннан келді. Белгілі қаламгер Есболат Айдабосын бастап келген «Харекет» ұжымы Өскеменге бұған дейін де ат ізін салып, әдемі ойын көрсеткен еді. Жасыратыны жоқ, фавориттердің бірі саналды. Одан бөлек, «Шығыс», «Алтайньюс», «Менің өлкем», «Аltai», «Semei TV», «Абай ақпарат» және «Көкпекті» командасы келді. Екі топқа бөлініп, қақпа торынан алма-кезек саңылау табуға тырысты. Дегенмен өз тобынан «Харекет» пен «Абай ақпарат», «Шығыс» пен «Көкпекті» суырылып шықты. Бекітілген ережеге сәйкес бірінші орын алған ұжым келесі топтың екінші орын алған командасымен жолығады.

Бірінші орынға 1 миллион теңге. Тіпті, жекелей ойыншыларға номинациялар да қарастырылған. Осы әсер етті ме, әлде жеңіске деген құштарлық па – қызу қақтығыстар тіркеліп, жігіттер ерегеске дейін барды. Доппен келе жатқан біреуді екіншісі аударып өтеді. Дөрекілік өрши бастағанда төреші сары қағаз көрсетіп, ойынды бір бағытқа түсірді. Одан қалса, командада 35 жастан асқан бір ойыншы болуы керек. Кейбірінде ол да жоқ. Шатақ шығаруға бір себеп. Әйтеуір түптің-түбі ойын өз жүйесіне түсіп, финалда «Абай ақпарат» пен «Харекет» жолықты. «Шығыс» пен «Көкпекті» 3-ші орынға таласты. Бұл жерде Серік Әбілхан бастаған «Шығыс» командасы көкпектіліктерден 2:0 есебімен басым түсті. Ал «Харекет» шиеленісті өткен ойында «Абай ақпаратты» 1:0 есебімен ұтты. Сөйтіп бір миллион талдықорғандық жігіттердің қанжығасында кетті. Бұл ретте ойынға демеушілік танытқан «Қазцинк» ЖШС-ның қолдауын айта кеткен орынды.

Үздік шабуылшы – Дархан Бердібек (Көкпекті);
Үздік қорғаушы – Мирас Құмарғалиев (Шығыс);
Үздік қақпашы – Диас Дәуренов (Абай ақпарат);
Үздік ойыншы – Алмас Мырзахметов (Харекет).

***
Ертеңінде ақпарат айдынында жүрген барша журналист боулингтен өзара кім мықтыны анықтады. «KAZ Minerals» компаниясы айырықша қолдау танытып, келген меймандарға сыйлықтарын аямады. Футболда кілең жігіттер бақ сынаса, бұл жерде нәзік жандылардың шет қалмауы ескерілді. Зайсан, Самар, Ұлан ауданындағы әріптестер де қызықты сайыстың бел ортасында жүрді.