Өскемендегі Оңалту орталығында қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

322
көрілім

Бүгін облыстық Оңалту орталығының 7 жылдығына орай және мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың туған күніне арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айта кетейік, бұл ғимараттың іргетасы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев облыс әкімі болып тұрған кезде қаланған болатын. Яғни, тұрғындарға кешенді қызмет көрсететін еліміздегі тұңғыш ғимарат осыдан 8 жыл бұрын жұмысын бастаған-тұғын.

- Бұл әлбетте, мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың көрегенділігін аңғартады. Ол халық үшін оңалту қызметтерін ұсынатын орталықтың болуын өз бақылауында ұстады. Соның арқасында мыңдаған шығысқазақстандық қызметтің әр түрін алып келеді, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Шара барысында орталықтың қазіргі жұмысы таныстырылып, соңғы 7 жылдағы жетістіктері сөз етілді. Пациенттер мен мұндағы қызметкерлер меймандарды ем-дом түрлерімен толығырақ хабардар етті. Сондай-ақ ғимарат ішінде экскурсия жүргізіліп, оңалтудың жаңа әдістері туралы ақпарат берілді.

- Шығыс Қазақстан облыстық Оңалту орталығы 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап өз жұмысын атқарып келе жатыр. 2014 жылы жаңа бұйрық шыққаннан кейін біз өз ісінің мамандарын іздеп осы орталықты аштық. 1 жылда 6,5 мың науқас орталықтан ем-дом алады. Жыл сайын тұрғындардың 70%-ы қайта қалпына келеді деп айта аламыз. Оңалту орталығында ем алған пациенттердің қайта қалпына келуіне барынша қол ұшымызды созамыз, - деді Бас дәрігердің орынбасары Толқын Маратқызы.

Оңалту орталығында 10 күннен бері емделіп жатқан Тәтен Омарованың сөзінше, күнделікті таңертен және кешке қал-жағдайларын біліп тұрады. 4 уақыт тамақ береді. Әртүрлі ем шаралары бар: массаж, жаттығу, электронды тоқ және тағы басқа процедуралар.

Жоғары санатты реабилитолог-дәрігер Галина Иванова орталықтың басты артықшылықтарының бірі - су астындағы массаж екенін айтты.

- Су ағыны дененің әртүрлі аймақтарына әсер етеді. Ваннада қолданылатын судың температурасы маңызды рөл атқарады.

Науқастың жылы суда шомылуы дене бұлшық еттерінің босаңсуына және ауырсынудың төмендеуіне әкеледі. Қол массажымен салыстырғанда, су астындағы душ-массаж әл-ауқаттың жақсаруына мүмкіндік береді, - деді маман.

Мамандардың айтуынша, аталған орталық өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсарта алады және мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының ақпаратына сәйкес, биыл МӘМС аясында оңалту қызметі түрлеріне 3,3 млрд теңге бөлу қарастырылған.


Дильназ ЮНУСБЕКОВА (Фотосуреттер автордікі)