Риддер ЖЭО-да іске қосылған жаңа жабдықтардың жұмысы жан-жақты тексеріледі

329
көрілім

Өткен сенбіде Риддер ЖЭО-дағы қазандық агрегаттарының бірі іске қосылып, тұрғын үйлерге ыстық су берілді. Сонымен бірге тұрғындардың көңіліне де қуаныш ұялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әлбетте, қыр астында тұрған Алтайдың қытымыр қысы қалалықтарды алаңдатқан болар. Іске қосылған алғашқы қазандық мүлтіксіз жұмыс істеп кеткенде, кім-кімнің болмасын көңілі орнына түскені анық.
Естеріңізде болса, өткен қыста «Риддер ЖЭО-да» қайта-қайта апат болып, қала төтенше жағдайға тап болған еді. Жылу көзін мұндай мүшкіл хәлге жеткізген, табиғи апат емес екенін айтуымыз керек. 60 мыңға жуық тұрғыны бар қаладағы жылу станциясының жұмысы техникалық үдерістер жиі бұзылғандықтан, ұзық уақыт бойы жөндеу көрмегендіктен тұралап қалды.
Ал қазір ЖЭО қайта тұрғызылғандай болды. Мұны қысқа мерзім ішінде технологиялық тізбекті қайта құрып шыққан мамандар айтып отыр. Енді қала қыста  жылусыз қалмауға тиіс.
– Екі жарым айда ауқымды шаруа еңсерілді. Мен қысқа мерзімде осынша жұмыс атқарылғанын көрген емеспін, – дейді қазандықтың іске қосылғанын көріп қайтқан өңір жылу энергетикасының беделді ардагері Айтқазы Шерубаев.
Тұрғын үйлерге ыстық су толық берілгеннен кейін, қазандық уақытша өшірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай «үзілістер» – қалыпты жағдай. Қандай да бір ақауларды дер кезінде жою арқылы ғана жылу көзін қысқы маусымға тыңғылықты етіп дайындауға болады. Тіпті, жаңа көліктің өзін де сынақтан өткізеді емес пе? Ал бүкіл қаланы жылумен қамтып отырған алып жабдықтың қыр-сыры одан да көп. Алғаш рет іске қосылған жабдықтар жаңа болғандықтан мұқият тексеріліп, олқылықтары болса, суық түскенге дейін ретке келтірілуі қажет. Сондықтан қазандықтың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ыстық су үйлерге бүгін қайта беріле бастайды.  
– Энергетикалық станциялар мен желілерді пайдаланудың техникалық қағида регламентіне сәйкес күрделі жөндеу жүргізілген жабдық 48 сағат ішінде жүктеме сынағынан өткізіледі. Жабдық 72 сағат ішінде қалыпты жүктемемен үздіксіз жұмыс істеген жағдайда кешенді сынақтан өтті деп есептеледі, – дейді Риддер әкімі Дәулет Батырбаев.
Айта кетуіміз керек, өңір билігі ЖЭО-да жөндеу жұмыстары туралы  жаз бойы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде дүркін-дүркін баяндап, бүкіл ел тұрғындарын хабардар етіп отырды.