Риддерде қылмыстық істі тергеу полициясы бөлімінің басшысы қылмысты жасырғаны үшін сотталды

572
көрілім

Риддер қаласындағы қылмыстық істі тергеу полициясы бөлімінің басшысы өзінің қызметтік бабын орындамай, қылмыстық істі жасырғаны үшін лауазымынан да, әскери шенінен да айырылды. Оның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінде еңбек ететін досы мылтығын белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігін жеткізгенімен, ол бұл қылмыс фактісін жасырын түрде ұстаған. Өйткен себебі – «басшылықтың алдында абыройым түсіп қала ма» деген уайым болса керек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Сот материалдарына сүйенсек, Риддердегі қылмыстық істі тергеу полициясы бөлімінің басшысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро департаментінде қызмет ететін досы қоңырау шалып, үйінің тоналғандығын айтқан. Ұрылар ақшаны, зергерлік бұйымдарды және 12 калибрлі мылтықты қолды қылыпты. Қару ұрлығының – төтенше жағдай екендігін білген тәртіп сақшысы бастығынан сөгіс алмас үшін бұл фактіні жасырып қалған. Осылайша, үй тонау туралы ШҚО ІІД-ге жіберген ақпаратына ол қару туралы бір де бір сөз қоспайды.

Араға сегіз күн салып, полиция қызметкерінің досы тағы бір қиындықтың туындағанын хабарлады – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіндегілер ішкі қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық қызметкерлердің үйлеріндегі қарудың қалай сақталып тұрғандығын тексермекші екен.Осы орайда, қылмыстық істі тергеу полициясы бөлімінің басшысы тағы бір танысынан прокуратураның оған мылтықтың ұрланғандығын жасырғанына қатысты қылмыстық іс қозғағандығын естиді. «Ештен кеш жақсы» деген ол бұл қылмыс фактісін жедел түрде сотқа дейінгі тергеудің біріңғай реестріне тіркеп жібереді, алайда оның осы амалынан еш нәтиже шыққан жоқ.

Сот барысында құқыққорғау органының қызметкері өз кінәсін мойындады. Риддер қалалық соты айыпталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, подполковник өзінің әскери шенін жоғалтып, 5 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды.