Семей қаласының түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер туыстарымен кездесуге мүмкіндік алды

719
көрілім

Семей қаласының прокуратурасы ШҚО бойынша ҚАЖД-нің ОВ 156/14 түзеу мекемесінде ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО прокуратурасына сілтеме жасап.

Іс-шараның мақсаты – Бас прокуратураның «Ресоциализация – сен қоғамға керексің!» жобасын жүзеге асыру шеңберінде сотталғандардың туыстарымен байланысын қолдау болып табылады. Айта кетерлігі, осы колонияда ашық есік күні тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қала прокуратурасы олардың өткізілуіне баса назар аударып отыр. Колонияға жазасын өтеп жүрген сотталушыларға келген туыстарына барлық жағдай жасалып, олар қылмыстық-атқарушылық жүйенің қызметі туралы толық және объективтік ақпарат ала алады.

– ШҚО бойынша ҚАЖД-нің ОВ 156/14 түзеу мекемесіне туыстарымен кездесуге 90 адам келді. Олардың 12-і – балалар. Колонияда сотталушылармен кездесіп, ішін аралауға да рұқсат беріледі. Егер сотталушы өзінің міндеттерін лайықты орындап, тәрбиелік шараларға қатысып, белсенділік танытса, колония әкімшілік марапат ретінде оның туыстарын ашық есік күніне шақырады. Осындай шаралар сотталғандарды ынталандырады, – дейді колония әкімшілігі.

Сондай-ақ, сотталғандардың туыстарымен кездесуі – қылмыстық-атқарушылық заңнамада белгіленген кездесулердің санын есептеу кезінде оның шегіне әсер етпейді.