Сенбіліктердің өткізілуін қашықтан бақылап отырған шенеунікке ШҚО әкімдігіндегілер бірқатар сауал қойды

96
көрілім
Фотосурет редакция мұрағатынан

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың баяндамасынан соң облыс әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев аудандарға қатысты сұрақтарын тізбеледі, - деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бүкіл ел бойынша 6 сәуірден бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Нұрлан Рамазановтың мәліметінше, науқан басталғаннан бері сенбіліктерге 80 мыңнан астам адам қатысты.
– 4 мыңнан артық техника жұмылдырылды, 21,4 мың аула аумақтарынан 6,4 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, – деді ол.
Баяндама біткен соң облыс әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев басқарма басшысына акцияның толыққанды өтуі аудандар мен ауылдарда қалай қадағаланатынын сұрады. Сөзінше, шараны бақылап, оны ұйымдастыру осы басқарманың жауапкершілігінде. Нұрлан Рамазановтың ақпаратынша, бұл ретте елдімекендерге арнайылап бармаған.
– Аудандарда жүргізіліп жатқан жұмыстар арнайы барып тексерілмеді. Акция фото және бейнежазба арқылы қашықтан бақыланды. Сандар қала және аудан әкімдіктері тарапынан нақтыланып отырады. Сенбіліктің қалай өткені шығарылған қоқыс, тартылған техникаларға қарап бағамдалады, – деді Нұрлан Сағибекұлы.
Ермек Көшербаев осындай жұмыстардың фото-видео арқылы бақыланатынын сынға алды. «Сенбілік - тек сенбі күні өткізілмеуі керек» деп, аудан, қала әкімдерінің жұмысына қамшы басты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ